Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қала ішінде көлік жылдамдығын 60 км/сағ-тан асыруға тыйым салынбақ: Қазақстанда жол ережелері өзгереді

Фото: freepik.com

Қазақстандықтарға қала ішінде 60 км/сағ жылдамдықтан асыруға тыйым салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың 10 қарашасындағы Ішкі істер министрінің бұйрығымен жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер енгізілді. Жаңа ережелерде елді мекендердегі жылдамдық шектеулері мен тоқтау ережелері нақтыланған. Жаңа талаптар 2025 жылдың 28 қарашасынан бастап күшіне енеді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер қалалардағы жол апаттарын азайтуға бағытталған.

Жаңартылған жол жүру ережелеріне сәйкес:

- Елді мекендерде көліктер үшін рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық – 60 км/сағ. Ерекше жол белгілерімен белгіленген арнайы аймақтарда бұл шектеу 90 км/сағ дейін болуы мүмкін.  

- Автобустар мен жүк көліктері үшін жылдамдық шектеуі – 50 км/сағ.  

- Тұрғын үй аулаларында және жаяу жүргіншілер жүретін аумақтарда жаяу жүргіншілер мен балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жылдамдық 20 км/сағ деңгейінде шектелді.


Жазғы дөңгелекпен жүрген көлік иелеріне айыппұл салынады: Жүргізушілер нені ескеруі керек


Жаңа енгізілген өзгерістерде көлік құралдарымен тоқтауға болмайтын орындардың тізімі де нақты көрсетілді.  

Енді жүргізушілерге жол қиылысында және одан 30 метрге дейінгі қашықтықта көліктерін тоқтатуға тыйым салынады.

Сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамаларында және аялдама белгісінен 15 метр қашықтықта көлік қоюға тыйым салынды. Бұл шектеу автобустарға, троллейбустарға және маршруттық көліктерге (М2 және М3 санаты) қолданылмайды.

Бұйрыққа сәйкес, жүргізуші куәлігін алу үшін қажетті ең төменгі жас өзгертілді:

- AI санатын (мотоциклдер, мопедтер, скутерлер үшін) – 16 жастан бастап алуға болады;

- А, B, B1, C1 санаттары (мотоциклдер, жеңіл көліктер, квадроциклдер, трициклдер, жеңіл және орта жүк көліктері) – 18 жастан беріледі;

- C және D1 санаттары (салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктері және 9–16 орындық автобустар) – кемінде 3 жыл жүргізу тәжірибесімен 21 жастан бастап;  

- Tm санаты (трамвай) – 21 жастан бастап;  

- D және Tb санаттары (16 орыннан көп автобустар және троллейбустар) – кемінде 3 жыл тәжірибемен 23 жастан бастап беріледі. 

Еске салсақ, бұған дейін ішкі істер министрлігі электрсамокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салатын заң жобасын әзірлеген еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 18 Қараша, 2025 20:55
Талқылау