Алматы әкімі тағайындаған сыйақы қызметкерлерге қашан беріледі
Алматыда мұғалімдер мен дәрігерлер Тәуелсіздік күніне орай сыйақы алатынын хабарлаған едік. Алматыда әлеуметтік сала қызметкерлеріне тағайындалған сыйақы – 15 желтоқсанға дейін беріледі.
Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.
Жауаптылар тиісті қаражатты ұстаздар мен дәрігерлердің жеке банк карталарына аудармақ. Оларға бір айлық жалақы көлемінде ақша беріледі. Ал, ардагерлер, көп балалы аналар мен кембағал жандардың әрбірі 50 мың теңгеден алады. Қазір әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары, сыйақыға кенелетін адамдардың тізімін жасақтап жатыр.
Биыл жергілікті бюджеттен бас-аяғы 123 миллиард теңге үнемделген. Оның 60 миллиарды – жол айрықтарын оңтайландыру, құрылыс нысандары мен Универсиадаға бөлінген қаражаттан үнемделсе, 56,5 миллиард теңге – әлеуметтік нысандарды кәсіпкерлердің қаржысына салудың арқасында артылыпты. Ал, мемлекеттік сатып алулар кезінде 6 жарым миллиард теңге қазынада қалған. Үнемделген қаражаттың 6,2 млрд теңгесі – енді әлеуметтік сала қызметкерлеріне сыйақы ретінде беріледі. Бұл – қала басшылығының Тәуелсіздікке жасаған тартулары. Жоғарғылардың жомарттығына жалпы саны – 114 мың 300 адам жариды. Дәрігерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, сондай-ақ, әлеуметтік және бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерге айлық жалақысы көлемінде сыйақы тағайындалады. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың әрқайсысы 50 мың теңгеден алады.
«Алматы аумағына кейіннен қосылған ықшамаудан тұрғындарының кейбірі әлі күнге облыста тіркеуде тұр. Сондықтан, оларға тездетіп қалаға тіркеуге өтуге кеңес береміз. Өйткені, сыйақы тек Алматы қаласында тіркеуде тұрғандарға тағайындалған. Біз сыйақыны Тәуелсіздік мерекесіне дейін, яғни желтоқсанның 15-не дейін үлестіріп үлгеруіміз қажет»,- деді Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Айгүл Ахметова.
Үнемделген қаржы тарапынан 50 мың теңге сыйақы алатындардың қатарында 23 мыңнан астам І және ІІ – дәрежелі мүгедектер, 3 мың 986 көп балалы ана, 4 мың 875 мүгедек баланы асыраушы бар. Сондай-ақ, Еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Семей полигонынан зардап шеккендер мен құрт ауруына шалдығып, амбулаторлық ем қабылдап жүргендерде сыйақадан кенде қалмайды.
«Биыл әрине, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы дедім ғой, керемет мерекелер жылы, Желтоқсанға да 30 жыл толып отыр. Соның ішінде 200 желтоқсанға қатысқан азаматтарға да сыйақы беріледі. Оның ішінде жаңағы 50, 40, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бұл жаңағы өзінің категорияларына қарай. Сыйақының ішіне осы желтоқсаншылардың кіргені де жаңалық деп айтуға болатын шығар»,- деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Қали Сәрсенбай.
Мәслихат депутаттары 3-ші топтағы мүгедектердің не себептен сыйақы алатындар қатарына кірмегендігін талқыға салды. Белгілі болғандай, бұл топтағы жандардың көпшілігі жұмыс жасайды екен. Десе де, олардың қатарында зағип жандар да бар. Сондықтан, депутаттар 50 мың теңге сыйақыны 3 топтағы зағиптарға да беру мәселесін талқылайтынын жеткізді. Айта кетсек, тұрғындарға тағайындалған сыйақыны алу үшін, құжат жинап табан тоздырып мекемелерге барудың қажеті жоқ. Қаржы зейнетақы қорындағы мәлімет арқылы, әр тұрғынның банк картасына аударылады.