Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өздері іздеп, хабарласатын": Қазақстандық азамат ауқатты әйелдерді қалай құрығына түсіргенін айтып берді

Түрмеде жазасын өтеп жатқан Владимир туралы ауқатты әйелдерді өзіне қаратқан альфонс деп бір көргеннен айтпас еді. Себебі айтуынша, оның алаяқтық жасаудағы өзіндік тәсілдері болған. Көбінесе альфонс әрекеттерін астанада жүзеге асырған, Ресейде де әйелдерді алдаған. Бұл туралы Астана телеарнасына сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атын өзгертуді сұраған Владимир түрмеде басқа себеппен жазасын өтеп жатыр. Ол астананың элиталы мекемелерінің бірінде бармен болып жұмыс істеген. 

“Әйел шот сұратқан кезде, оның тапсырыс бергеніне, өзін ұстауына, ішімдікті қалай ішетініне қарап оның бай не бай емес екенін білуге болады. Барлығы өте қарапайым жүйе бойынша іске асты. Мен қағазға телефон нөмірімді жазып, даяшыдан қызға хабарлама беріп жіберетінмін. Қағазға "маған вотсапқа жаз" деп жазатынмын”, – дейді Владимир, АП-162/3 колониясының тұтқыны.

Владимир бұл әдісті қолданған қыздардың 80%-дан астамы хатқа 10-15 минутта жауап беретін дейді. Әрі қарай: кездесу, гүлдер, көңілін аулау кезеңдері. Содан кейін бірнеше күннен соң кенеттен жоғалып кетеді екен.  "Құрбандары" Владимирді өздері іздеуге кіріседі екен, сонда ол ойдан шығарылған қиын жағдайға тап болғаны жайлы оқиғасын баяндайтын болған.

“Астананың тұрғыны емеспін деп түсіндіретінмін. Пәтерден шығарып жатыр деймін. Көбіне қыздар бірнеше ұсыныс жасайды: пәтер жалға алып береді немесе өзімен бірге тұруға шақырады”, – дейді ол.

Владимир қанша қызды алдап соққанын білмейді. Осы “тәжірибесінде” үш таныстық оқиғасын ең сәтті деп бағалай алады. Ол кезде қыздардың ақшасын Владимир қымбат заттар алуға жұмсаған. 

Айтуынша, қыздардың ешбірі оған қарсы полицияға арыз бермеген. Ал жігіт есірткіге әуестенгендіктен түрмеге қамалған.

Психологтар әйелдердің альфонстарға сеніп қалып жатуының себебі – бала кездегі травмалар мен махаббаттың жетіспеуі дейді. Мамандар альфонсты анықтау қиын, алайда мұндай ер адамдарды анықтауға болады дейді.

“Ең біріншіден, ақылға салу қажет. Ер адамның шектен тыс көңіл аударғанына мән беру керек. Бұл әрдайым оның сізге ниеті бар екенін көрсетпейді. Ал егер еркек көп уақыт араласпай жатып, ақша сұрап жатса, бұл да оның ниеті түзу екенін білдірмейді”, – дейді АП-162/3 мекемесінің аға инспектор-психологы Ольга Мирзоева.

Айта кетейік, Павлодарлық колонияларда барлығы 68 алаяқ жазасын өтеп жатыр. Жыл басынан бері алаяқтықтың 1200 жағдайының тек екеуі ғана альфонстарға қатысты болған. Алайда бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі алданған әрбір әйел полицияға арызданбайды.

Назерке Мұса
Сейсенбі, 12 Қазан, 2021 08:20
Талқылау