"Қабырғалары кір, едені лас": Шымкентте балабақшалардың бірінде 10 баланы бір қасықпен тамақтандырып келген
Шымкенттегі "Березка" балабақшасында балаларды бір табақтан тамақтандырып, ас-ауқатты антисанитарлық жағдайда әзірлеп келген. Мұны көрген ата-аналар, полиция шақырып, шағым білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vera.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкенттегі жекеменшік балабақшада тамақтандыруға қатысты жанжал шықты. Ашуға булыққан ата-аналар полиция шақырып, шағым білдірді. Олай жасауына ата-аналар чатына жіберілген бейнебақылау камераларынан алынған видеолар себеп болған. Кадрдан балаларды еденде отырғызып, бір табақтан бір қасықпен тамақтандырып жатқанын көруге болады. Сол қасықтан тәрбиешінің өзі де ас ішіп отырған.
"Қызым 2,5 жаста. Үйге денесі көгеріп келген соң, полицияға арыз жаздым. Содан кейін видеоны көрсетті. Ол жерден 10 баланы еденге отырғызып, бір қасықпен бір табақ ботқаны кезекпен беріп жатқанын көрдім. Балаларға берілген ас екі қасық ботқа ғана, нан жоқ, су жоқ, шай да, компот та берілмейді. Түскі ас та сондай, екі қасық сорпа ғана", – дейді Сара есімді ата-анан.
Ата-аналар айына 20 мың теңге төлейтін балабақшадан мұндай таңғы ас пен түскі асты күтпегенін айтады. Асхана орнына ескі қойма қолданылып келген. Ол жердің қабырғалары кір, әктелмеген, едені лас. Тіпті, балаларға тамақ әзірленетін плитаның да үсті кір-қожалақ. Антисанитарлық жағдай түсірілген видены ата-аналар полицейлерге де көрсетті. Куәгерлердің сөзінше, ас үйде тіпті тышқандар жүрген.
"Чатқа шыққан видеоны көріп, өзім келдім. Бұл асхана емес, сұмдық қой. Кешіріңіздер, бірақ мұндай жағдайда дайындалған асты итке де бермейді. Толық антисанитария. Ешқандай жағдай жасалмаған. Мен бұл істі соңына дейін жеткіземін, барлық тиісті мекемелерге арыз жазамын", – дейді тағы бір ата-ана.
Ата-аналар тарапынан түскен барлық шағым балабақша иесіне жеткізілді. Полиция мен журналистердің келгенін естіген кәсіпкер мекемеге дереу жеткен. Әуелде ол кінәні тәрбиешілердің ауысуымен түсіндірмек болды. Айтуынша, мұнда тіпті меңгеруші де жоқ. Ата-аналар мәселе кадр тапшылығында емес екенін, ең алдымен ас үйдегі санитарлық жағдайдың сын көтермейтінін жеткізді. Соған қарамастан, иесі бәрін өзі бақылап отырғанын, азық-түлік жеткілікті екенін алға тартты. Дегенмен ас үйге кіріп, балаларға әзірленген астың дәмін татып көруден бас тартты.
Ақыр соңында кәсіпкер полицейлердің талабымен түсініктеме жазуға мәжбүр болды.
"Ата-аналар балабақшада санитарлық талаптар сақталмайды деп арыз жазды. Біз шақырту бойынша Асар шағын ауданындағы Койтас көшесіне келдік. Заң аясында шара қабылдаймыз, құжаттарды тиісті органдарға жолдаймыз", – деді полиция капитаны Нұрсұлтан Әбдиев.
Ең алдымен, құжаттар қалалық білім басқармасына және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданбақ. Олар ата-аналардың ас әзірлеу жағдайына, балаларды еденде бір табақтан тамақтандыруына қатысты шағымдарын тексеруі тиіс. Сонымен қатар, ата-аналар кір төсек-жабдықтарға, жастықтардың жоқтығына шағымданған.
Бір қызығы балабақша ішінде жалғыз орындық қана бар шағын бөлме болған. Дегенмен оның не үшін қолданылатыны белгісіз. Балабақша ұжымы да мұны түсіндіре алмаған.

"Декретке миллионмен" дауы: Курстың негізін қалаған депутат Дәулет Мұқаевқа тексеріс жүргізіле ме?
