Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр”: Балалар омбудсмені Түркістан облысындағы шу болған лагерьге пікір білдірді

Еліміздегі бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева Түркістан облысындағы шу болған лагерьге барып келгенін жазды. Сөзінше өңірдегі демалыс орындарында жағдай өте нашар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Балалар омбудсмені шу болған лагерьге байланысты жазбасын әлеуметтік парақшасында жариялады. Әрі демалыс орындарындағы жағдайды суретке түсіріп алған. Сөзінше аталмыш лагерде болған 600 баланың 190-ы ғана қалған. 

“Құрметті достар, Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы лагерлердің бірінде түсірілген резонансты видеодағы жағдайды өз көзіммен көріп, тексеру үшін сол ауданға барып келдім. Балалармен сөйлесіп, жағдайларын қарап шықтым. Балалар лагерді өздері көрсетіп шықты. Бағдарлама, тәрбиешілер және бұл жерде өткізген уақыттары ұнап жатыр дейді. Бірақ, лагерде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған. Ұйымдастырушылар жалға алып, балаларға қызмет көрсетіп жатқан ғимараттары өте ескі. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының өзі көптен жүргізілмеген сияқты. Қабырғалардың бояуы опырылып түсіп жатыр, бөлмелерде 12 кереуеттен, бәрі ескі. Барлығы тозған күйде. Ас үйде кейбір азық-түлік сақтау нормалары сақталмаған. Дәретханалары далада, қазіргі жағдайы нашар. Оны ғимараттың ішінде салуға да болушы еді. Бассейн мүлдем жұмыс істемейді, әкімшілік оны тазалап жатырмыз деді”, дегенмен ол да жөндеуді талап етеді, - дейді Динара Закиева. 

Сонымен қатар, ол осы сапарында өзге де жазғы лагерлерге барғанына тоқталады. Ол жақта да жағдай сын көтермейді екен. 

“Сайрам ауданындағы мемлекеттік лагерлердің біріне де барып келдік. Ондағы жағдай сәл жақсырақ, дегенмен дәретхана мен бассейн онда да қорқынышты күйде. Дәретхана тағы да далада. Мұның бәрін әкімдік өкілдеріне жеткіздік. Сонымен қатар, Төлеби ауданында орналасқан ЕҚБ балаларға арналған МӘМ-ге де барып келдік. Мұндай мәселе неліктен туындайды? Мысалы, Түркістан облысында тек 6 мемлекеттік лагерь бар. Жазғы демалыспен көбірек баланы қамту үшін әкімдіктер жеке меншік лагерлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал қазір бұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ. Сондықтан алдымен заңды өзгерту керек. Біріншіден, бірыңғай ережелер мен талаптарды енгізу керек. Екіншіден, лагерлер ашылғандары туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету керек. Себебі қазір лагерді ашу үшін тек Төтенше жағдайлар басқармасы мен СЭС-тен рұқсат алу жеткілікті. Осылайша, лагерді кез келген мекеме ашып жүр”, - деп қорытындылаған жазбасын. 

Жалпы, елімізде 120 мемлекеттік, 98 жеке меншік лагерь, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь бар. Динара Закиева әріптестерімен бірге барлық лагерді тексеріп шығуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында лагерьге келген балалар жылап, үйлеріне алып кетуін сұрағанын жазған едік. 

Талқылау