Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қабырғалар жарылған, су ағады": Оралдағы көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерлеріне кіре алмай отыр

Оралда он жыл бұрын салынған көпқабатты үйдің қабырғасы қақырап тұр. Мұны естіген жауапты мекеме қабырғадағы жарықшақты бітеумен ғана шектелген. Ал қабырғадағы сызат уақыт өткен сайын ұлғайып барады, дейді тұрғындар. Енді олар "бір күні үйіндінің астында қаламыз ба" деп қорқып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Ерсайын Балтабаев жарылған жарды жыл сайын жамап шаршағанын айтады. Жөндеуді жиі жасаса да, қақыраған қабырғадан қыста азынап жел соғады, жазда жаңбыр жауса тамшы тамады. Қазір үйіне қонуға да қорқатынын айтады.

Қалған тұрғындар да бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп уайымдап отыр. 

“Жөнделмеген, қайтадан кетіп жатыр. 5-подъездің жоғары жағынан аққан су жоғарыға барады. Менің ренжитінім – жертөле жаман. Жертөледен құрт-құмырсқа шығатыны өз алдына, енді тышқан шығатын болды. Сасыған иіс деген жаман болып кетеді”, –деді Орал қаласының тұрғыны Гүлзифа Климова.

Үйдің жертөлесіндегі кәріз құбырлары да ескірген. Әр жерден тесіліп, қайта жалғанғандықтан шайынды су кетіп, жұртты әбігерге түсіреді.

Ғимараттың іргетасына төселген бетон-блоктар жоғарыдан қарай ұзынынан жарылған. Кезінде әкімдіктің өкілдері келіп, бірнеше белгі қойған. Әкпен сылаған белгінің өзі ұзынынан жарылып, кішкентай жарықшақтар пайда болған. Әкімдік өкілдері мәселеден хабардармыз дейді. Былтыр мердігерге ғимаратты құрсаулап, бекітуді міндеттеген. Ал үй иелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құрылыс материалын да алып беріпті.

“Жарылған жерлер бар, бірақ маяктар әлі қозғалған жоқ. Қалай жарықтар пайда болды, содан кейін біз комиссиямен барып, сондай шешім қабылдадық. Қазір бақылауда. Егер тағы да бір өзгерістер болатын болса, сонда жағдай жасаймыз. Қаржы көздері іздестірілуде”, – деді Орал қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Дархан Еркінұлы.

Жөндеуге қажетті қаржының қайдан алынары әзірге белгісіз. Сондықтан тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.

Талқылау