"Кабинетте отырмай, сыртқа шығыңыздар": Ақтөбе облысының әкімі су тасқыны кезеңіне байланысты қадағалау жұмыстарын тапсырды
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шараларын пысықтады. Сонымен қатар әкім жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Өңір басшысы тиісті сала мамандарына тапсырма бере отырып, ауа райының қолайсыздығына қай кезде де дайын болу керек екенін айтты.
"Су тасқыны кезеңі таяп қалды, қазір босаңситын уақыт емес. Кабинетте отырмай, ауыл мен ауланы бір ай бойы аяқтай аралап, жағдайды көзбен көріп, жұмыс істеңіздер. Су тасқыны – жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бәріңіздің де тәжірибелеріңіз бар. Жергілікті жерде белсенділер, көпті көрген үлкендермен ақылдасып, кеңес сұраңыздар. Олар мәселені бұрыннан біледі, қай жерді су басу қаупі бар екенінен хабардар. Әр аудан және қалада жұмыс істеп жатқан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының да кеңесіне назар аудару керек. "Қазгидромет" алдын-ала ауа райының қандай болатынын айтып отырады", - деді аймақ басшысы.
Жиында баяндама жасаған төтенше жағдайлар департаменті басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, биылғы жылдың 21-27 ақпан аралығында Ойыл, Қобда, Мәртөк, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға және Қарғалы аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Кейбір аудандарда анықталған проблемалық мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданыпты.
"Елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғау мақсатында аудан әкімдіктерімен жанар-жағармай, инертті материалдар, қапшықтар және азық-түлік қорлары, уақытша орналастыру пунктері әзірленді, күштер мен құралдар дайындыққа келтірілді. Қар шығару, арықтар мен каналдарды, су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізілуде, қорғаныс бөгеттері көтерілді", - деп атап өтті ол.
Басқосуда "Қазсушар" облыстық филиалының директоры Мырзабай Нұртазин өңірде орналасқан су қоймаларындағы ахуалды баяндаса, "Қазгидромет" Ақтөбе филиалының басшысы Айгүл Саймова наурыз айындағы ауа райы болжамымен бөлісті. Су тасқыны кезеңінде су қоймаларының деңгейі үнемі бақылауда болады, ал ауа райына қатысты деректер ескеріліп, талдау жасалып отырады.
Сондай-ақ, отырыс барысында қала әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембин, Темір, Байғанин, Ойыл, Қобда, Мәртөк және Әйтеке би аудандарының әкімдері, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов атқарылған жұмыстар мен алдағы жұмыс жоспарлары туралы мағлұмат берді.
Биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 9 шақырым өзендер жағалауы нығайтылып, 5,6 шақырым өзен арналары тереңдетілген, 5 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, нөсерлі кәріз жүйесі, су бұру арналары жасалып, автомобиль жолдары бойындағы 23 су өткізу құбыры салынды және 3,5 шақырым жол мен 4 көпір жөнделген.
Асхат Шахаров су тасқыны кезеңі оның қатаң бақылауында екенін қадап айтты. Жауаптыларға нақты міндеттер жүктей отырып, аталған кезеңге тыңғылықты дайындалып, жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін алға тартты.