Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кабинетінен 10 мың доллар табылған: Жоғарғы Сот Кеңесі алматылық судья Светлана Жолманованы қызметінен босатты

Жоғарғы Сот Кеңесі Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованы қызметінен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Жолмановаға қатысты судьяның сот істері бойынша тараптардың өкілдерімен процестік емес байланыс жасауына байланысты судьялық әдепке қайшы қылық жасау фактісі бойынша тәртіптік істі қарады.Сот жюриі судья Жолмановаға лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады", - делінген кеңестің хабарламасында.

Бұл шешім заңды күшіне енген жоқ, Светлана Жолманова оған Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың сәуірінде әлеуметтік желіде Алматы қаласы Медеу ауданының судьясы Светлана Жолманованың кабинетін тінту кезінде миллиондаған доллар табылғаны туралы ақпарат тарады. Кейіннен Алматы қалалық соты желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

"Алматы қаласы Медеу ауданының судьясы Светлана Жолманованың кабинетінен 4 500$, үйінен 2 800 000$, көлігінен 600 000$ табылды және құрылыс жүргізушіден 1 180 000$ алды деген әлеуметтік желідегі ақпарат шындыққа жанаспайды", – деді қалалық соттың баспасөз қызметі.

Ведомство судьяның кабинетінен 10 мың доллар табылғанын, үйінен ештеңе табылмағанын хабарлады.

Кейінірек судья баспасөз мәслихатында өзіне тағылған айыптың негізсіз екенін мәлімдеді. Ол тәркіленген 10 000 АҚШ доллары ипотекаға пәтер сатып алуға жинаған өзінің ақшасы екенін айтты.

Талқылау