Қабдеш Жұмаділовтің естелігінен: Қытайдан келгенде кедей болдым, қыздар ауқатты азаматтарға қарайды екен
Қарасөздің қарагері, жазушы, Қытайдан Қазақстанға өткен алғашқы ұлы көштің дарабозы Қабдеш Жұмаділов көзінің тірісінде өмірі мен шығармашылығыган сыр шертті. Жұмаділов Мұхтар Әуезовтің шәкірті. Үлгілі әке. Халықтың жазушысымын деген ол өзінің жазушылыққа қалай келгенін айтты.
Бұл туралы "Жарқын Жүздесу" бағдарламасында айтылды.
Қабдеш Жұмаділов жас күнінен қазақ жеріне оралып, қазақтың екі тұлғасын, Мұхтар Әуезов пен Қасым Аманжоловты көруді армандаған. Бір арманы орындалып, Әуезовпен кездеседі. Тіпті жеке жүздесіп, сұхбаттасқан екен. Қаламгердің "Абай жолын" оқыған соң Әуезовке деген құрметі артып, өзіне ұстаз тұтады.
"Қытайда араб тіліндегі "Абай жолы" қолыма түсті. Екі томдық кітапты көріп таңғалдым. Мен Құраннан басқа кітап көрмеген едім. Оның өзін Алла аспаннан жіберді деп жүрдім. Адамдардың да кітап жазып, оның авторы болатынын сол кезде көрдім. Романды оқып, Әуезовті көруді армандадым. Қазақ жеріне келгенде Әуезов пен Қасым Аманжоловты көрсем екен дедім. Әуезовті көрдім. Мені кафедрада шақырып алып, екі сағат әңгімелесті. Ол кісі сондай қарапайым еді. Ал Қасым Аманжолов мен келгеннен бір жыл бұрын қайтыс болған екен", - деді жазушы.
Жазушы елге оралғанда бойдақ кезі еді. Елге оралған соң үй болып, отбасын құрды. Өзімен тағдырлас Сәуле есімді жарымен шаңырақ көтерді.
"Мен өзім де көркем жігіт едім. Бірақ кедей тұрдық. Жаңа келген кезіміз. Жұпынылау тұрдық. Қыздар сол заманның өзінде ауқатты жігіттерге қарады. Сондықтан мен өзіммен тағдырлас, жағдайға қарамайтын, білімді, сауатты қыз іздедім. Ондай қыздар аз екен. Бірақ таптым. Сәуленің ЖенПИ-дің физика мамандығында оқып жүрген кезі. 3-курста оқып жүргенде үйлендік. Балала-шағалы болдық. Мен оған үлкен жазушы болатынымды айттым. Ол маған сенді. Мені қолдады. "Тағдыр" романында жарыма алғысымды айтыпарнау арнағаным бар", - деді Жұмаділов.
- "Таңға жуық жүрегі тоқтапты": Замандастары жазушы Қабдеш Жұмаділов туралы естеліктерімен бөлісті
- "Сын да айтып тұрамын": Қабдеш Жұмаділов келіні Мәдина Сәдуақасовамен қарым-қатынасы туралы айтты
Қабдеш Жұмаділов өзінің үлкен парызымды орындадым деп санайды. 25 жастағы жас жігіт қамал емес, шекара бұзған.
"Мен 25 жасымда 200 қазақты Қытайдан көшіріп әкелдім. Жан тәсілім еткенде, соны ойлап, сол ерлігімді еске алып өзіме риза болып өлемін. Бұл ретте менің еңбегім айтылу керек деп ойлаймын. Балаларыма ер азамат 30 жаста қамал бұзса, мен 25 жасымда шекара бұзғанмын деп айтып отырамын", - деді жазушы.
Қабдеш Жұмажілов көшпенділер отбасында өмірге келіп, текті әулеттен тараған.
"Мен көшпенділер отбасында өстім. Жабайы көш емес, өркениетті, сауатты көшпенділер отбасында тудым. Атам ақын, би болған адам. Мені бала күнімде атама ұқсатқан. Атасы секілді жазушы, үлкен тұлға болады деп айтатын. Мен жазушылыққа әкелген, осы міндетті артқан - сол сөз. Осы уақытқа дейін халықтың құрметінен арылған емеспін. Оған себеп саясаттың, биліктің сойылын соққан жоқпын. Халықтың жағында болдым. Халықтың сөзін сөйледім. Тапсырыспен ешнәрсе жазбадым", - деді қаламгер.
Жазушы өзі жайлы мақтану үшін емес, есеп беру үшін келгенін айтты.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген.
Найман тайпасы Төртуыл руынан шыққан. Ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады.
1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарды. 1981 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста.
Қабдеш Жұмаділов биылғы жылдың сәуір айында 85 жасқа қараған шағында өмірден озды.