Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кулагинның баласы жағдайы төмен балаларды Лондонға демалуға жібермек

Оңтүстік астананың жүзден жүйрік балалары жақын арада әлемдегі ең ерекше және таңғажайып Лондон қаласына барып демалып келеді. “Open Mind” жобасының арқасында күнкөрісі төмен отбасынан шыққан 1040 бала ағылшын тілінен қосымша сабақ алып, Лондонға саяхаттау үшін бір-бірімен білім жағынан жарысады, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі

Алматы қаласында орналасқан Түрксіб ауданында “Open mind” деп аталатын дара жоба іске қосылды. Сол ауданда тұратын, 1040 балаға 52 мұғалім 4 ай көлемінде ағылшын тілінен қосымша сабақтар береді. Оқушылардың барлығы күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан. 4 айдан кейін ағылшын тілінен үздік көрсеткіштерге жеткен үш бала Лондонға барып, тегін демалып қайта алады.

Бұл бағдарлама жағдайы төмен отбасыда туып өскен балалар үшін арнайы жасалған. Бұрын ағылшын тілін жетік меңгеру, шетел тілі арқылы ағылшынша сөйлейтін мемлекеттерге барып қайту мүмкіндігі гимназия, лицейдің оқушыларына көп берілетін. Бүгінгі күні орта мектепте білім алатын балалардың да шекара асып, өзге елді көріп келуге мүмкіндігі бар. Осыған Түрксіб ауданың әкімі Павел Кулагиннің сөзін дәлел ретінде  келтіре аламыз.

“Балалардың тізімі әкімдікте құрылды. Күнкөрісі төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, оларға болашақтың “кілтін” табыстау үшін арнайы әкімдікке шақырдық”, — дейді аудан әкімі.

2019 жыл — Жастар жылы. Биыл елімізде жастардың қатысуымен көптеген жобалар жүзеге асады. Балалардың Лондонда демалып қайтуына мүмкіндік беретін бағдарлама олардың бастамасы.

“Елбасының тапсырмасымен “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында көптеген жобалар қолға алынды. Елімізде үштілділік дамып келетіні көп айтылады. Бізде ұлы дүниелердің барлығы кішіден басталады. Біз кіші шаралардан жүйелік шараларға көштік”, — дейді қалалық мәслихаттың депутаты Константин Авершин.

Авершиннің сөзінше, ағылшын тілін үйренетін мың баланың тым құрығанда бес жүзі биік дәрежеге жетсе, оның өзі үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар, депутат әрі “Мен Алматылықпын” Қоғамдық қозғалысының жетекшісі аудандардың ішінен таңдау неліктен Түрксібке түскенін түсіндірді.

“Түрксіб ауданының таңдауымыздың да өз себебі бар. Бұл ауданда күнкөрісі төмен отбасынан шыққан балалар көп шоғырланған. Олардың қосымша курстар мен секцияларға баруға мүмкіндіктері жоқ”, — деді ол.

“Edu Stream” тіл орталығының директоры Наталья Мухамеджанова жаңартылған бағдарлама орта мектептің балаларына сапалы білімге қол жеткізуге жол ашып береді.

“Мемлекет, мұғалімдер мен оқушылар ағылшын тіліне дайын емес деген сын сөздер көп. Шет тілге ұстаз бен бала емес, қоғам дайын емес сияқты. Біз мұғалімдермен 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Ұстаздар деңгейлерін көтерді, өздері де істейтін жұмыстарының жеңілдей түскенін сезеді. Білім министрлігінен бастап білім құрылымдарының барлығына алғыс айтамын.

Бұрын қарапайым мектептерде білім алатын балалардың гимназияда оқитын оқушылардыкіндей мүмкіндіктері болмайтын. Мазмұны жаңартылған бағдарлама орта мектептің балаларына сапалы білімге қол жеткізуге жол ашып береді. Жоспарға сай оқушылар мектепті аяқтағанда олардың ағылшын тілінен білімі B+ деңгейін құрауы тиіс. Ал IELTS-тан 6 және 6,5 балл жинауы тиіс”, — дейді Мұхамеджанова.

Бағдарламаға қатысушылардың барлығы алғашқы емтиханды тапсырды. Алда оларды әлі төрт емтихан күтіп тұр.Емтихандардан жоғары көрсеткішке жеткендер финалға өтеді. Жеңімпаздар әділ анықталуы үшін төрешілердің ішіне білім басқармасының өкілдері, тіл орталығының мамандары, Түрксіб ауданының әкімдігі, “Мен Алматылықпын” Қоғамдық қозғалысының ұйымдастырушылары, қажет болса тілшілер мен блогерлер де кіреді.

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр