Күнім, сен сөнбеші: Атыраулық Әнелді тағы бір күрделі ота күтіп тұр
Құлсарылық ғашықтар – Марлен мен Әнелдің хикаясын бүгінде барша Қазақстан жұртшылығы біледі. Ауыр дертке шалдыққан сүйіктісі Әнелдің жанынан бір еліге алыстамаған Марленді жұрт бүгінгінің батыры дейді. Алайда алғашқыда бұл жұпқа қызыға қараған адамдардың кейбірі бүгінде ғашықтарға түрлі жағымсыз пікірлер жазып, сұрақтың астына алған көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz.
Той қашан? Адал махаббаттары көпке үлгі болған жұпқа ең жиі жолданатын сауал осы. Онға жуық отаны бастан кешкен Әнел инста-оқырмандардың сауалынан шаршағанын айтады.
“Той туралы сұрақтар әбден мезі қылды. Біз Алланың алдында некемізді қидырғанбыз. Менің суреттеріме қарап жұрт мені науқас деп ойламайды, себебі елдің мені аяғанын қаламаймын және жұртқа әлсіздігімді көрсете бермеймін. Керісінше науқас адамның басқалар сияқты қалыпты өмір сүре алатынын көрсеткім келеді. Аллаға шүкір, аяқ-қолым бар”, – дейді Әнел.
Бойжеткеннің айтуынша, бүгінде ата-анасы да, Марлен де тойды ойлайтын жағдайда емес. Той жасауға қанша асықса да, олар алдымен Жаратқанның тағы бір сынағынан өтуі тиіс.
“Ауырып жүрген адамдар ем-домға қаншалықты көп ақша керек екенін біледі. Ақшаң болмаса – денсаулық та жоқ. Ата-анам балаларын ешкімнен кем қылмау үшін өмір бойы еңбектеніп келеді. Ал соңғы 8 жылда менің емімді төлеу үшін тынбай жұмыс істеді, талай қарызға батты, жүйкелері жұқарды. Марлен де мені қолдау үшін аямай тер төгуде, қасымнан та табылуда. Осының бәрін бақылап отыру оңайға соқты ғой дейсіздер ме?” – деп назын білдірді Әнел.
Марлен мен Әнелдің хикаясы жария болғаннан кейін бұл жұпты көпшілік тани бастады. Ал Ернар Айдардың “Күнім, сен сөнбеші” бейнебаянынан кейін ғашықтар танымал боп шыға келді. Бүгінде Әнелдің инста-парақшасында 300 мыңға жуық оқырманы бар. Соның арқасында Әнел өздігінен ақша тауып жүргенін айтады.
“Қазір ақырындап бұл күйзеліс жағдайынан шығып келеміз. Алда тағы сынақ күтіп тұр, Алланың қалауымен бұл ота да сәтті аяқталады деп сенемін. Тойды бір-ақ күнде жасай салуға болады, ал денсаулыққа немқұрайлы қарауға болмайды. Қыздарының науқас екенін біле тұра, кім той жасағысы келеді дейсіз? Мен де ақ көйлек кигім келеді, киемін де Инша Аллах! Алдымен сынақтан өтіп, толықтай жазылып алайын. Бар ақша менің еміме жұмсалып жатыр, мен де бірдеңеге қол жеткізсем деймін. Бірақ ол мен үшін оңай емес. Олар менен күтпесе де, ата-анама көмектессем деймін. Сондықтан да әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, ақша табуға тырысып жүрмін. Жаратқан көтере алмайтын сынақ бермейді, сондықтан да біз Марлен екеуміз қол ұстасып, алға ұмтыламыз, соңына дейін күресеміз. Сабыр сақтап, түсіністікпен қарасаңыздар екен! Бәрі де болады, тек уақытымен”, – деп түйіндеді сөзін Әнел.
Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Елімізде белгісіз дертке шалдыққан 4 бала ем таппай қиналуда
Малайзияда 3000 оқушының ішінде қазақ қызы математикадан бірінші орын алды
Дастан есімді студент Оңтүстік Кореяда тележүргізуші болып, Қазақстанды танытып жүр
Ақтөбеде айыпталушы ұйқысы қанбағаны үшін сотты кейінге шегеруді сұрады