Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Jusan Bank басшысы Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы өзекті сұрақтарға жауап берді

Белгілі қаржыгер, Jusan Bank-тің басшысы Нұрдәулет Айдосов Forbes.kz басылымына берген сұхбатында мемлекеттік қарыздың өзекті мәселелері туралы сұрақтарға жауап берді. Ол мемлекеттік қарыздан Қазақстан экономикасына келетін ауыртпалық, республиканың шетелдік инвесторлар алдындағы беделі туралы және Ұлттық қор резервтері болғанына қарамастан сыртқы қарыздан неге бас тартпау керегін түсіндірді.

Нурдаулет Айдосов

Әлемдегі басқа елдер секілді Қазақстан да салық түсімдері жаба алмайтын бюджет шығындарын қаржыландыру үшін мемлекеттік қарызға жүгінеді. Бұл қаражат экономикамыздың және инфрақұрылымның негізгі салаларын дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға әрі әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған. 

Айдосов экономиканы нығайту үшін қарызға ақша алу, содан кейін оны қайтару қалыпты тәжірибе екенін айтады. 

"Мемлекет негізінен қарызды тек бір мақсатпен – экономиканың дамуын қолдау үшін алады. Әдетте мемлекет қарыз көлемін ЖІӨ-нің пайызымен өлшейді. Алайда бұл көрсеткіштің жоғары деңгейі елдегі жүз пайыздық мәселелерді көрсете бермейді", - дейді қаржыгер.

Ол кейбір елдердің жүз жылдан бері қарыздар болып келе жатқанын, ал инвесторлар қаражат беруге әрқашан асық екенін атап өтеді. Сарапшының айтуынша, көптеген дамыған елдерде мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімге қатысты деңгейі 77%-дан  асады (Жапония, Сингапур, АҚШ) және бұл қалыпты жағдай. Демек, қарызға байланысты тәуекелдер қарапайым өмірдегідей борышкер өз мойнына көтере алмайтын қарыз ауыртпалығын алған кезде ғана туындайды, бұл болашақта экономика үшін проблемаға айналуы мүмкін.

"Қазақстан туралы айтатын болсақ, онда біздің елде мемлекеттік қарыз небәрі 25,3 триллион теңгеге жетеді, бұл жалпы ішкі өнімнің 24-25%-ына тең. Көріп отырғаныңыздай, тіпті стандартты өлшемдер бойынша да бұл өте төмен. Ең бастысы, Қазақстанның мемлекеттік қарызының басым бөлігі – 17,5 трлн теңге – ішкі қарыз, яғни біздің тұрғындар алдындағы борыш және негізінен теңге бағамында. Мұндай қарыздың тәуекелі азырақ және басқаруға қолайлы", - дейді спикер.

Айдосов сондай-ақ "неге еліміз көп несие алып, осы ақшаға 100 зауыт салмайды немесе инфрақұрылымды өзгертпейді" деген сұраққа жауап беріп өтті.

"Бұл тұста шешімді өте мұқият қабылдау әрі ең алдымен стратегия мен қаржылық модельді зерделеу маңызды. Біздің қаржы министрлігі мен мемлекеттік қарыз департаментінің қазіргі құрамы және бұрынғы барлық құрамы мемлекеттік қарыз бойынша ұтымды шешімдерімен ерекшеленді, және қазіргі қарыз балансы соның дәлелі. Сандар алдамайды деген сөз бар ғой", - деп жалғады сарапшы.

Айдосовтың айтуынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 7,8 триллион теңгеге тең және бұл шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімінің көрсеткіші екені даусыз. Елге деген сенім деңгейі егеменді несиелік рейтинг пен инвестициялық ахуалмен анықталады.

Ол сөзіне дәйек ретінде 2019 жылдың соңындағы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің еурооблигациялар туралы шығарылымын келтірді. Сол уақытта еуропондтар 1,15 миллиард еуро сомасына екі траншпен шығарылған.

"Ұйымдастырушылар командасы сыртқы нарықта 110-нан астам сапалы инвесторлармен 2,8 миллиард еуроға өтінімдер жинай алды, яғни сұраныс мәселеден 2,5 есеге асып түсті! Бұл 15 жылдық еурооблигациялар шығарылымы ТМД елдерінің эмитенттері арасында ең ұзақ шығарылым болды және олар бойынша мөлшерлемелер ВВВ рейтингтік санаты бар елдер үшін тарихи төмен деңгейде белгіленген. Біздің еліміз үшін сенім деңгейін және дер кезінде жасалған мәміле екенін елестетіп көріңізші! Тағы да басқа жетістіктер туралы айтатын болсақ көп уақыт қажет болады", - дейді Айдосов.

Jusan Bank басшысы еурооблигацияларды шығару Қазақстанға қарыз қоржынын әртараптандыруға және шетелдіктердің елге деген қызығушылығы мен сенімін көрсетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Сөзінше, бізде Ұлттық қордың қомақты жинақтары мен Ұлттық банктің халықаралық резервтерінің болуы инвесторлардың қызығушылығын тудырады. 

Айдосов тарихта Қазақстанның қарыз бойынша пайызы төмен екенін және соңғы 5 жылда орта есеппен 5,2 пайыз болғанын баса айтты. Ол мемлекеттік қарызға қызмет көрсету елдегі барлық бюджет шығындарының 7 пайызына тең екенін жеткізді.

"Халықаралық тәжірибеде елдердің үкіметтері мемлекеттік қарызды өтеуге бюджет шығыстарының орта есеппен шамамен 15%-ын жұмсайды. Осыған байланысты әлемде көшбасшылар мен көш соңында қалғандар бар. Егеменді рейтингі жоғары елдер бюджет шығыстарының шамамен 10%-ын қарыздарын жабуға жұмсайды, ал егемендік рейтингтері төмен елдерде бұл сома барлық бюджет шығыстарының 23%-дан астамын құрайды. Сондықтан мен қарыздық жүктеменің артқанын көрсететін жоғары шығындарды 25% жоғары деңгей деп санаймын, сонда олар фискалдық саясаттың маневрлік еркіндігін шектейді және іс жүзінде мемлекеттік қаржы кредиторлар үшін жұмыс істей бастайды. Экономикасы әлсіз елдер үшін бұл қорқынышты түс болуы мүмкін, алайда экономикасы "максималды жылдамдықпен" көтеріліп жатқандар үшін әдеттегі күн саналады. Сондықтан, қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуде ешқандай мәселе жоқ, салыстырмалы түрде төмен, дәлірек айтсақ, барлық жағынан ыңғайлы деп айту орынды болар еді", - дейді сарапшы.

Жақында Jusan Analytics сарапшыларымен бір тақырыпқа тереңдеп еніп, қызықты жаттығу жасағанын мысал еткен Айдосов қарыз тұрақтылығы индексін әзірлегенін айтты. Спикер жалпы ішкі жалпы өнімі әлемнің 90%-дан асатын алғашқы 46 елді мысал ретінде алғанын түсіндірді. Бұл елдер үш көрсеткіш бойынша бағаланған: мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы, бюджеттік қарыз жүктемесінің коэффициенті және облигациялар шығарылымы бойынша 5 жылдық несиелік дефолт своптары (CDS). Нәтижесінде Қазақстан сенімді рейтингі бар 25 елдің тізіміне, Израиль, Ұлыбритания және Польша секілді елдермен бір қатарда болған.

Айдосов Ұлттық қор қаражатын қарызға беруге болатынын алға тартып, оған тиіспеуге шақырады. 

"Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың резерві, оның қаражаты ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар мен перспективаларды ескере отырып пайдаланылуы тиіс. Алдымен Ұлттық қордың сақталуын және оны көбейтуді қамтамасыз ету керек, оны күнделікті мәселелерді шешуге пайдаланбау керек. Мемлекет басшысы үкімет пен Ұлттық банктің алдына қорды сапалы басқаруды, оның сақталуын және лайықты инвестициялық кіріс алуын қамтамасыз ету міндетін қоя отырып, қор қаражатын пайдалануға ерекше көңіл бөліп келеді. Монетарлық операциялар департаменті командасының құзыреттілігі мен нәтижелерін біле отырып, мен олар өз міндеттерін сәтті атқарды және атқарып келеді деп айта аламын", - дейді банк басшысы.

Айдосов Ұлттық қор активтерін басқарудың 2030 жылға дейінгі талқыланған жаңа тұжырымдамасына сәйкес Ұлттық қордың валюталық активтерін қазіргі 58,5 миллиард доллардан 2030 жылы 100 миллиард долларға дейін арттыру өзекті мәселе деп санайды. Ол Қазақстан Республикасында бюджеттік норманың толыққанды жүзеге асырылуын қолдан келер міндет екенін айтты.

Сарапшының пайымдауынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызды одан әрі қауіпсіз арттыруға әлеуеті жетеді.

"Біздің еліміз үшін салыстырмалы түрде қолайлы сыртқы ортада мұны сөзсіз пайдалану керек. Ең бастысы, Қазақстан өңірдегі ең жоғары егеменді рейтингтердің біріне ие. S&P Global Ratings жуырда Қазақстанның кредиттік рейтингтері бойынша болжамды "терістен" "тұрақтыға" қайта қарады. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығының артуына және неғұрлым тиімді шарттарда несие алу мүмкіндігінің өсуіне әкеледі, сондай-ақ ағымдағы қарызды неғұрлым тиімді шарттармен қайта қаржыландыруға/ұзартуға мүмкіндік сыйлайды", - дейді Айдосов.

Jusan Bank басшысы сөзінің түйінінде мемлекеттік қарыз экономикалық өсуге жұмыс істеп, проблемаға айналмауы үшін қарыз қаражатын пайдалану тиімділігін бақылау қажет екенін ескертеді.

"Бұл негізінен инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ адам капиталының өсуіне, экономикалық өсуді ынталандыратын және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізуге бағытталған жобаларды қаржыландыру қажеттілігін білдіреді", - дейді Нұрдаулет Айдосов.

Талқылау