Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Цеснабанк пен АТФБанкке көрсетілген мемлекеттік қолдау кезең-кезеңмен кері қайтарылады: Jusan Bank 2021 жылдың қорытындысын жариялады

Jusan Bank 2021 жылға арналған аудиторлық есебін жариялады. Қазақстанның қор биржасы сайтында жарық көрген банктің жыл қортындыларына сүйенсек, былтыр қаржы ұйымы бірқатар көрсеткіштер бойынша жемісті нәтижелерге қол жеткізген. Активтері бойынша банктің нарықтағы үлесі 7%-ға жетіп, оның өсімі бойынша Jusan Bank алғашқы төртікке енген. Осы орайда банк басшысы “Цесна” мен АТФ банктеріне берілген мемлекеттік қолдау кезең-кезеңмен кері қайтарылатынын мәлім етті. 

Жусан

Jusan Bank-тің 2021 жыл қорытындысы бойынша ең маңызды көрсеткіштер: 

  • Банк активтері  – 2,6 трлн теңге (бір жылда 923,8 млрд тенгеге артқан, өсім – 55%), нарықтағы үлесі 7%-ға жақындаған.
  • Кредиттік портфель – 731 млрд теңге (бір жылда 487 млрд теңгеге артқан, өсім 200%), нарықтағы үлесі 5,3%.
  • Салым көлемі – 1,51 трлн теңге (өсім 56%).
  • Бөлшек сегменті бойынша клиенттер саны – 2,5 миллион.
  • ШОБ сегментіндегі клиенттер базасы – 145 мың бизнес-субъекті
  • Капитал жеткіліктілігі коэффиценті (k1) –  28%.
  • Ағымдағы өтімділік көрсеткіші (k4) – 211%.

Жарияланған деректерге сәйкес, банк үшін өткен жылдың ең басты жетістігі кредиттік портфельді оңалту болған. Осы ретте Jusan Bank екі ірі қаржы ұйымы –Цеснабанк пен АТФБанкті біріктіргенін атап өткен жөн. Jusan осы екі банкті 167 млрд теңгеге қайта қаржыландырды. 

2021 жылы банк мерзімі кешіктірілген қарыздарды азайту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізгенін байқауға болады. Мәселен, келтірілген деректерге сүйенсек, NPL 90+ мерзімі кешіктірілген қарыздар көлемі бар-жоғы бір жылдың ішінде кредиттік портфельдің жалпы көлемінен 44,09%-дан 9,47%-ға дейін азайған. Ал 2021 жылы проблемалық портфельдің бірден 70,3%-ға қысқаруы қазақстандық банктердің алғашқы ондығының арасындағы ең үздік көрсеткіш болған. 

Бұл ретте 2019 жылдан  Цеснабанктен және АТФБанктен ауысқан қарыздарды алып тастап, Jusan Bank командасы 2019 жылдан бері 500 млрд теңгеден асатын сомаға берген қарыздарды ғана есепке алсақ,  NPL 0,79% құрайды. Бұл нарықтағы ең үздік көрсеткіштердің бірі.

Өткен жылы өтімділігі мен капитал жеткіліктілігінің көрсеткіштері бойынша Moody's Investors Service рейтинг агенттігіне банкке ұлттық және шетел валютасындағы депозиттер бойынша "тұрақты" болжамымен B1 деңгейінде жоғары ұзақ мерзімді рейтингті растаған. 

“2021 жылғы тәжірибе мен жетістіктеріміз осы жылы қол жеткізуге ниеттеніп отырған табыстың берік іргетасы болатынына сенімдімін. Банк ұжымының үйлесімді, нәтижелі жұмысын ерекше атап өткім келеді. 2021 жыл күрделі болғанымен жемісті әрі нәтижелі кезең ретінде есте сақтайтын боламыз. Бұл кезеңнің нәтижелері осы жылдың жаңа жетістіктерінің негізі болады деп білеміз. 2022 жылдың I тоқсанның нәтижесі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетуде.  Басты міндет – клиенттермен диалогты әрі қарай арттыру, корпоративтік сектордағы да, бөлшек сектордағы да серіктестерімізге алуан түрлі қызықты ұсыныстар дайындау. Біздің стратегиямыздың негізгі қағидасы – “Әрқайсыңызға сенеміз, саған сенеміз”. Біз әрбір қазақстандықтың, біздің клиенттеріміздің мүмкіндіктеріне деген мол сенімімізбен бөлісеміз және де ауқымды да шағын жеңістерге қол жеткізуге көмектесуге дайынбыз”, – делінген Jusan Bank Басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосовтың мәлімдемесінде.

Бұған қоса ол банктің қазіргі бизнес моделі білім беру саласын қаржыландыруды жалғастыруға, Jana Qazaqstan мемлекеттік стратегиясын қолдауға да жеткілікті таза кірістің жоғары серпінін сақтауға көмектесетінін сөз етті. 

“Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қазіргі уақытта банк мемлекетке көмек көрсетудің ықтимал шараларын, сонымен қатар Цеснабанк пен АТФБанкке бұрын көрсетілген мемлекеттік қолдаудың бөлігін мерзімінен бұрын кезең-кезеңмен қайтаруды қарастыруда, бұл еліміздегі теңдессіз бірінші мысал. Түптеп келгенде, бұл мемлекетке біздің отандастарымыз бен клиенттеріміздің өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік, гуманитарлық және басқа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді”, –деді ол.

Ал 2022 жылы Jusan Bank стратегиялық және негізгі бағыт ретінде үш бизнес-платформа, атап айтсақ, Jusan Retail, Jusan Business және Jusan Private Banking-ке басымдылық бермек. Оларды біріктіретін экожүйе қазақстандықтардың күнделікті өміріне, бизнесті жүргізуіне және жеке қаржыны тиімді басқаруға арналған ыңғайлы технологиялық шешімдер қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Талқылау