Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль палестиналықтарды басқа елге көшірмек

Фото: CNN

Израиль палестиналықтарды Газа секторынан көшіру үшін Оңтүстік Суданмен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда Мысыр бұған қарсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қоныс аудару жөніндегі келіссөздер Израильдің ХАМАС-қа қарсы 22 айлық шабуылынан кейін басталды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа тұрғындарын ерікті көшіргісі келетінін айтты. Ол халықты Африка елдеріне аудармақ.

"Соғыс заңдарына сәйкес, халықтың көшуіне мүмкіндік беріп, содан кейін сонда қалған жауға бар күш-жігерімізбен шабуыл жасау дұрыс деп санаймын", – деді Нетаньяху.

Келіссөздердің қаншалықты ілгерілегені белгісіз. Бірақ олар жүзеге асса, адам құқықтарына қатысты проблемалар болады.

Палестиналықтар, адам құқықтарын қорғау топтары және халықаралық қауымдастықтың көпшілігі бұл ұсыныстарды халықаралық құқықты бұза отырып, күштеп шығару жоспары ретінде қабылдады.

Ал Оңтүстік Судан сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Израильмен палестиналықтарды қоныстандыру үшін келіссөздер жүргізіп жатқанын негізсіз деп атады.

Мысыр өз аумағына босқындар ағылып келуінен қауіптеніп, өзі шекаралас Газа секторынан палестиналықтарды көшіру жоспарына үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Газада аштықтан қаза тапқандар саны 175 адамға жеткенін жаздық. Газа денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Мунир әл-Бурштың мәліметінше, аштықтан көз жұмғандардың 93-і балалар. Израильдің соққылары мен қатаң қоршауында қалған Газа секторы гуманитарлық апат жағдайында: азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, медициналық және гигиеналық құралдар қатты жетіспейді. Әсіресе аштықтан қайтыс болған балалар саны күн санап артып жатыр. Жергілікті және халықаралық дереккөздер Израильдің аштық пен шөлді "қару" ретінде қолданып отырғанын атап өтеді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 09:20
Талқылау