Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль мемлекетін әлемдік спорттан шеттетуді талап етуде

Фото: Алексей Витвицкий / kommersant.ru

Еуропарламентте ФИФА мен УЕФА ұйымдарына Израильді халықаралық жарыстардан шеттету үшін ресми үндеу жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Израильдік Ynet басылымы Еуропа Одағы елдерінің талабына қатысты мәлімет жариялады.

Басылым дерегінше, Таяу Шығыстағы соңғы жағдайларға байланысты Израиль спортын шектеуге шақырған Батыс елдерінің қатарында Испания, Бельгия мен Скандинавия мемлекеттері бар.

Бұған дейін, 2024 жылдың ақпан айында Еуропарламенттің Испания, Ирландия, Бельгия және Германиядан шыққан 13 депутаты ФИФА мен УЕФА ұйымдарына Израильдің ұлттық құрамалары мен клубтарын халықаралық жарыстардан шеттету жөнінде ресми үндеу жолдады. Олар бұл талаптарын Газа секторындағы гуманитарлық апатпен және адам құқықтарының бұзылуымен байланыстырып, жағдайды Оңтүстік Африкадағы апартеидпен салыстырды.

2024 жылдың сәуірінде Франция парламентінің депутаты Эдуар Бенар Израильді Париждегі Олимпиададан шығару жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл бастама 300-ден астам палестиналық спорт ұйымдарының үндеулеріне негізделген.

Алайда, бұл талаптарға қарамастан, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) пен УЕФА Израиль спортшыларын жарыстардан шеттету мәселесін қарастырып жатқан жоқ. УЕФА бас хатшысы Теодор Теодоридис Израиль командаларын шеттету туралы мәселе ұйым ішінде талқыланбағанын, әрі бұл жағдайды Ресеймен салыстыру орынсыз екенін айтты.

Осылайша, жекелеген депутаттар мен ұйымдардың үндеулеріне қарамастан, халықаралық спорт федерациялары Израиль спортшыларын жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдаған жоқ.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 22:47
Талқылау