Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль Иранға әуеден соққы жасады: Шабуыл кезінде Иранның генерал-майоры қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

Иран Израильдің елдегі ядролық нысандарға әуе шабуылын жасағанын растады. Иран мен Израиль билігі әуе кеңістігін жауып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жергілікті IRNA арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тегеранда және оның маңайында жарылыстар болып жатыр. Теграннан бөлек, Иранның Натанз және Хамедан қалаларына да әуе шабуылдары жасалғаны расталды.

Израиль қауіпсіздік күштерінің дерегінше, алғашқы соққылар жасалғанда жоғары әскери басшылық пен ядролық ғылыммен айналысатын ғалымдар нысанаға алынған.

Иран билігі Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы Салами мен екі аға ядролық ғалым — дәрігер Тегеранчи және Ферейдун Аббасидің қаза тапқанын растады. Айта кетейік, Ферейдун Аббаси екі апта бұрын Тегеранның тактикалық ядролық бомбалар жасауы мүмкін екенін айтқан еді.

Mehr агенттігінің мәліметінше, жұма күні таңертең Израиль режимінің Тегеранға жасаған әуе шабуылдары нәтижесінде "Хатам аль-Анбия" штаб-пәтерінің қолбасшысы, генерал-майор Голамали Рашид қаза тапты.

Фото: Іran.ru/Голамали Рашид

Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, әуе шабуылдарымен қатар, Моссад Иран ішінде бірқатар құпия операциялар жүргізген. Бұл әрекеттердің мақсаты — стратегиялық зымыран нысандарына және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне залал келтіру болған.

Куәгерлердің айтуынша, Натанздағы ядролық нысандарда өрт шыққан. Ирандық БАҚ елдегі ең ірі ядролық нысандардың бірі орналасқан Натанз аймағында жарылыстар болғанын растады. Алайда ядролық заттардың таралуы жөнінде ақпарат түспеген.

Айым Болатқызы
Жұма, 13 Маусым, 2025 08:50
Талқылау