Израиль ХАМАС-ты келісімдерді бұзуға тырысты деп айыптады
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС радикалдық тобы Газа секторындағы атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы бір күн бұрын қол жеткізілген келісімдердің бірқатар ережелерін соңғы сәтте қайта қарауға тырысып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Timesofisrael басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Radiosvoboda.org
Нетаньяху ХАМАС тобының келісімдерді бұзып жатқанын мәлімдеді. Осыған байланысты Израиль министрлер кабинеті келісімдерді бекітуі тиіс жоспарланған кездесуді кейінге қалдырды.
ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі Иззат эль-Решик топтың бітімгершілік келісіміне дұрыс көзқараста екенін айтты.
Атысты уақытша тоқтату және 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуыл кезінде кепілге алынған израильдіктердің кейбірін босату туралы келісімдер бір күн бұрын жарияланды. Ол келесі жексенбі, 19 қаңтарда күшіне енетіні айтылды. Израиль тарапы келісім шарттарын кейін хабарлайды. Олардың айтуынша, ХАМАС кепілге алынған израильдік 33 адамды босатуы тиіс.
Өз кезегінде Израиль тарапы израильдіктерге шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылған тұтқындарды босатуға уәде берді.
Кепілге алынған әрбір азаматтың орнына ХАМАС 30 сотталушыны, ал әрбір әскери қызметкер үшін 50 сотталғанды алады. Кепілге алынғандардың қаншауының тірі екені, қаншауының мәйіті қайтарылатыны айтылмады.
Келісім алты апталық атысты тоқтатуды, Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген 600 жүк көлігін жөнелтуді және Израиль армиясының әскерлерін бұл аймақтан біртіндеп шығаруды көздейді.
Келісімге қол жеткізілгені және кепілге алынғандарды босату туралы ақпаратты АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп та растады. АҚШ президенті Джо Байден келісімді құптап, оған қол жеткізуде америкалық дипломатияның маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Қатар мен Мысыр да делдалдардың қатарында болды. Хамастың Газа секторының басшысы Халиль әл-Хейя палестиналықтарды және Ресейді қолдаған мемлекеттерге алғыс айтты.
Ол сектор тұрғындарын бітімге келумен құттықтады. Бірақ Израильмен текетірестің жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін ХАМАС Израильдің соғысты тоқтату талаптарын қабылдап, келісімге келетіні туралы жазған едік.