Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль Газадан бірнеше мың әскерилерін шығаратын болды

Қақтығыс басталғаннан бергі алғашқы елеулі қысқарту кезінде мыңдаған израильдік сарбаздар Газа секторынан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елдің әскери басшылығының 1 қаңтарда таратқан хабарламасында алдағы бірнеше аптада Газа аумағынан бес бригада шығарылатыны айтылған. Яғни, ХАМАС радикал тобына (АҚШ, ЕО және Израильде террористік ұйым деп танылған) қарсы соғысып жатқан резервистердің бір бөлігі демобилизация жасалады.

Контр-адмирал әскерінің ресми өкілі Даниель Хагари жексенбі күнгі брифингте аймақтан кететін әскерлердің санын нақтыламады және бұл Израильдің әскери әрекеттерінің жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді ме –бұл да белгісіз.

“Соғыс мақсаттары ұзақ мерзімді шайқастарды қажет етеді және біз соған сәйкес дайындаламыз”, – деп атап өткен Хагари.

Соғыс қимылдарының қысқаруы Израильдің басты одақтасы АҚШ-тың әскери және саяси мәселелердегі қысымымен байланысты болуы мүмкін. Әскерлердің шығарылуы туралы ақпарат мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің аймаққа сапарының алдында және Ақ үй АҚШ Конгресін айналып өтіп, Израильге шұғыл қару сатуды мақұлдағаннан кейін пайда болған.



Дегенмен Газаның басқа аудандарында, әсіресе оңтүстіктегі Хан-Юнис қаласында және аумақтың орталық аудандарында қызу шайқастар әлі де жалғасуда. Израиль Газа секторын 16 жыл бойы басқарып отырған ХАМАС ұйымын жоюды қоса алғанда, әскери мақсаттарға қол жеткізгенге дейін шабуылды жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Еске салайық, 7 қазанда Газа секторына бақылау орнатқан ХАМАС радикал тобы Израильге шабуылдаған еді. Осыдан соң Израиль ХАМАС тобына қарсы әскери операция бастаған.

Израильдің қорғаныс әскері операцияның басты мақсаты ХАМАС тобын Газадағы биліктен айырып, топты жою деп жариялаған. Бұл ел Газадан мыңдаған әскери шығарылса да, операцияның мақсаты өзгермейтінін мәлімдеді.

Қазан айының басында ХАМАС шабуылынан кейін Израиль Газаға ракетамен жаппай щабуыл жасап, кейін құрлық операциясымен бастаған. ХАМАС бақылауындағы жергілікті денсаулық сақтау министрлігі қазан айынан бері Газада 22 мың бейбіт тұрғын қаза тапқанын айтады.

Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға жасаған шабуылдарын және шетелдіктерді қоса алғанда, адамдарды кепілге алуын айыптаған. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сондай-ақ Израильді "Газа секторының бейбіт тұрғындары арасында көптеген құрбандарға және азаматтық инфрақұрылымды қиратуға әкелетін күш қолданудан" аулақ болуға шақырған.

Талқылау