Израиль әскері Газа қаласына шабуыл жасады: Нетаньяху кепілге алынғандарды босату туралы келіссөз жүргізбек
Фото: AFP
Израиль әскері Газа қаласына шабуылдың алғашқы кезеңін бастады. Ал жергілікті тұрғындар кей аудандардан қашып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірнеше күнге созылған атқылау мен әуе соққыларынан кейін израильдік әскерлер қаланың шетінде плацдарм құрған. Израиль қорғаныс әскерінің өкілі армияның Зейтун мен Джабалия аудандарында әрекет етіп жатқанын хабарлады.
Бұған дейін Израиль ХАМАС базаларын жою керегін айтып, Газа қаласын толық бақылауға алатынын айтқан еді. Ал премьер-министр Биньямин Нетаньяху қаланы “басып алу уақытын қысқартып жатқанын" жеткізген. Сонымен бірге ол Газада кепілде отырғандарды израильдіктерді босату үшін шұғыл келіссөздер бастауға бұйрық берді.
Израиль әскерінің өкілі Авичай Адраи медициналық мекемелер мен халықаралық ұйымдарға хабарласып, тұрғындарды қаладан оңтүстікке эвакуацияға дайындалуға шақырғанын айтты.
Жергілікті билік мәліметінше, Газаның орталығындағы Зейтун және Сабра аудандарынан жүздеген палестиндік қаланың солтүстік-батыс аудандарына қашқан. Газа тұрғындары 22 тамызға қараған түні израильдіктердің толассыз соққы жасағанын айтады. Сол түні Газада үздіксіз әуе және артиллериялық соққылар болған. Жергілікті тұрғындар үйлінің шайқалғанын, жарылыстардан, оқ ату және жедел жәрдем дабылынан тыныштық болмағанын жеткізді.
"Үй түні бойы дірілдеп тұрды. Бұл жарылыстардың, артиллерияның, ұшақтардың, жедел жәрдемнің, көмек сұраған адамдардың дауысы. Олар тұрғындарды өлтіріп жатыр. Дыбыстар барған сайын жақындап келеді, бірақ біз қайда қашамыз?" — деді Газа тұрғыны Ахмад аш-Шанти.
Сабра тұрғыны Амаль Абдель-Ааль бір апта бұрын ауданынан қашқанын, кейін сол аймаққа соққы жасалғанын көргенін айтты.
"Газада ешкім ұйықтамады, өткен түні де ұйықтамады, тіпті бүкіл апта бойы ұйқы жоқ. Артиллериялық және әуе шабуылдары тоқтамады. Аспан түні бойы жарқылдады", – дейді Амаль.
ХАМАС Израильдің бүкіл Газа қаласын басып алу жоспарын "бейкүнә бейбіт тұрғындарға қарсы соғыстың жалғасы" деп атады. Шабуыл басталуына байланысты жүздеген мың палестиндік сектордың оңтүстігіндегі баспаналарға эвакуацияланбақ.
Батыс елдері Израиль тарапын айыптады. Франция президенті Эммануэль Макрон Газаны басып алу "екі халық үшін де апатқа әкелуі мүмкін және бүкіл аймақты мәңгілік соғыс цикліне итермелейді" деді.
Халықаралық Қызыл Крест комитеті халықты күштеп көшіру мен соғыс қимылдарының күшеюі Газа тұрғындарының жағдайын одан әрі нашарлатуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Соғысқа наразылық
22 тамызда Газа қаласында жергілікті тұрғындар соғысқа қарсы наразылық акциясын өткізді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, "Газаны құтқарыңдар!" және "Газа өліп жатыр!" деген плакат көтерген бірнеше адам көшеге шыққан.
Акцияны бірнеше азаматтық ұйым ұйымдастырған.
"Сөз таусылды, енді әрекет ететін уақыт келді: әскери операцияны тоқтату, халқымызға қарсы геноцидті тоқтату және күнделікті жаппай қырып-жоюды доғару керек", – деді акцияға қатысушы Тауфик Абу Джарада.

Алматы әкімдігі шетелдік туристерге сыйлық үшін 44 миллион теңге жұмсады
