Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иван емес, Ибраһим болдым": Исламды қабылдаған орыс азамат қазақ әйеліне үйленіп, мұсылмандықты ұстанады

42 жастағы Ләззат Шагирова мен 37 жастағы Иван Кнырик – ұлтаралық жұп. Көп балалы ерлі-зайыптылардың отау құрғандарына 21 жыл болған. Отағасы Иван жақында Ислам дінін қабылдап, енді өзін Ибраһим деп таныстырады. Не себепті мұндай қадамға барғанын, қазақ тілін қалай үйренгенін және ұлтаралық некесі жайлы Stan.kz тілшісі сұрады. 

Иван Кнырик отбасымен, жеке архивтен

Иван Кнырик пен жұбайы Ләззат Қарағанды облысы Шет ауданының тумасы. 2002 жылдан бері Қарағанды қаласының өзінде тұрады. Көлік жөндеумен айналысады, одан бөлек, жылқы өсіреді.

“Әкем ерте қайтыс болды. Әке-шешем екеуі де орыс. Абай қаласында тұрып, жұмыс істеген. Ес білгелі ауылда өсіп-өндім. Осы мекен менің бойыма қазақилықты сіңіруге әсер етті. Әсіресе, достарымның бәрі қазақ болғаны ықпал еткен сияқты. Мектепті де қазақ тілінде оқыдым”, –дейді Иван.

Мұсылмандықты қабылдауына жұбайының дертке шалдығуы себеп болған.

“Жолдасым ауырыңқырап, жаман түстер көрген соң емшіге қаралдым. Ол кісі Ислам не христиан дінін қабылдау керек деген шарт қойды. “Екеуінің ортасында жүрсің, саған азан шақырып ат қою керек” деді. Исламды қабылдаймын деп шештім, осы кезде маған Ибраһим деп арабшалап ат қойды.

Азан шақырып, “бұдан кейін Иван емес, Ибраһим боласың” деді. Атымның өзгергені болмаса, болмысым өзгермеген сияқты. Бұрынғы таныстарым Иван дейді, ал өзім қазір танысқанда Ибраһиммін деймін.

Тегімді ауыстырған жоқпын, себебі құжаттармен мәселелер туындайды деп ойладық”, – деді ол.

Алайда мен өзімді туғанымнан мұсылман санайтынмын дейді Иван.

Иван бала кезде сүндетке де отырған екен. Әкем қазақ, мұсылман болсын деп ырымдаса керек.

“Әкем ауруханаға апарып, сүндетке отырғызды. Әкемді орыстардың ғұрпымен жерлегеніміз болмаса, үйде отбасымыз қазақи дәстүрді ұстанамыз”, – дейді ол.

Ислам дінінің барлық парыздарын орындауға ниеттімін деген Ибраһим отбасы дінге жақын екенін алға тартады. Тіпті үлкен қызы намаз оқитынын да айтып өтті. 

Иван Кнырик отбасымен, жеке архивтен

Ал жұптың танысу оқиғалары көпке таныс жағдайда орын алған. Екеуі ауылдас, бірін-бірі мектеп табылдырығынан таныған екен. 

“Бір ауылда тұрдық, көрші болдық, бір мектепте бардық. Балалық шақтан бір-бірімізді білдік қой. Орыстың қыздары маңымда болған жоқ. Әуелде ниетім қазақтың қызын алу болған. Әкем де қазақтың қызын ал деп айтып кеткен. Себебі ол ауылдастарымен жақсы араласты, мен де кейін оның достарының қолында, тәрбиесін алып өстім. Мені бағып-қаққан кісіге де айтып кеткен екен”, – дейді отағасы.

Айтуынша, жұбайының туыстары бастапқыда қарсы болыпты. Иванның әке-шешесінің болмағаны әсер етсе керек. Алайда бәрі қуанышпен, тоймен аяқталды дейді жұп.

“Өз қалауымыз болған соң, ақырындап қабылдады, көнді”, – дейді Иван.

Жұбайы Ләззат: “Алланың жазуы шығар осылай ешкімнің қарсылығына қарамай қосылдық, барлығы қазақи дәстүрде болды, салт-жоралғылар орындалды”, – дейді.

Талқылау