Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Итіме ескерткіш қоя алмадым": Қалдыбек Құрманәлі ажалдан аман қалған сәтін есіне алды

Белгілі композитор, қоғам қайраткері Қалдыбек Құрманәлі ажалмен бетпе-бет келген кезін еске алды. Бұл туралы “Алғашқы” бағдарламасында айтып берді. 

Фото: Бағдарламадан скриншот

2021 жылы өнер иесі жүрегіне күрделі ота жасатқан, дәрігерлер “бәріне дайын болыңыз” деген. 

"Сағат, минут санап кетесің ғой. Ауруханада дәрігер келіп "үш күннен кейін жасаймыз... екі күн қалды" деп айтып тұрады. Ол маған "ажалыңа екі күн қалды" дегендей естіледі. Бір палатада жалғыз өзім жаттым. Тірі қалуым бірінші Құдайдың, екінші осы дәрігерлердің арқасы ғой. Ота алдында бір-ақ нәрсе ойладым, ол менің Құтжол деген итім еді. Құтжолға кезінде "саған ескерткіш қоям" деп уәде беріп едім. Егер олай-бұлай боп кетсе, Құтжолға кім ескерткіш қояды деп уайымдадым. Сосын балаларыма хат жаздым. "Мен кетіп жатсам, жұрттың қарсылығына қарамай, ауылда Құтжолға ескерткіш қойыңдар" деп айттым. Балаларымның болашағын уайымдамадым. Бәлкім менің кетіп қалғаным оларға кішкене еркіндік сыйлайтын шығар, себебі оларға қатал әке болдым. Қызымды ғана ойладым. Қазір қызыма "сен үшін тірі қалдым" деп айтып отырамын", – деді сазгер. 



Итке ескерткіш қойғысы келуінің себебін де айтып берді. Алматыға алғаш келгенде өнер иесін иттен басқа ешкім шығарып салмаған көрінеді. 

"Бір анадан 8 ұл, 4 қыз едік. Қазір соның жартысы ғана қалдық. Ауылдан ең соңы боп мен кеттім. Сонда Құтжол мені ауыл сыртына дейін артымнан қалмай, ілесіп шығарып салған. Кейін балам Мұхтар Шахан мүсінші мамандығында білім алып, дипломдық жұмысына "Қара шаңырақты күзеткен Құтжол" деп итімнің мүсінін жасады. Оны қазір ауылда тұрып жатқан үйімнің ауласына орнаттым. Енді Созақтан Жезқазғанға қарай шығатын үлкен жолдың бойына да Құтжолға арнап ескерткіш қоямын", – деді ол.

Еске салайық, сазгер 3 келі шұжық жеп, 20 шақырым жаяу жүрген сәтін есіне алды. 

Талқылау