Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жоғары білімнен айырды": Алматыда 100-ге жуық ата-ана балаларын шетелге оқуға түсіремін деп алданып қалған

Алматыда шетелде оқи алмаған жүздеген талапкер кінәлілердің жазалануын талап етіп жатыр. 8 ай бойы олар полиция табалдырығын тоздырып, өздерін миллиондаған теңгеге алдаған алаяқтың бостандықта қалып қоюынан қауіптеніп отыр. Айтуларынша, бір ер адам оларды шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге көмектесемін деп сендіріп, кейін ақшамен бірге із-түзсіз жоғалып кеткен. Күдікті ұсталғанымен, іс сотқа жеткен соң кенеттен тоқтап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

19 ақпанда аудандық соттың ауласына ата-аналар мен балалар әділдік іздеп жиналды. Бір жыл бұрын оларды алаяқтар алдады. Олардың бірін ақыры қолға түсірді. Сот процесі басталды, бірақ алғашқы отырыстың өзінде-ақ іс қайта қарауға жіберілді. Бұдан кейін жәбірленушілер күмәндана бастады.

"Кеше соттың алғашқы тыңдауы өтті. Сот онлайн форматта болды. Бірақ хабарландыру тек екі ата-анаға ғана жіберілді. Елестетіп көріңізші? Қалғандары ештеңе білмеді. Кейін адвокаттарымызды сотқа кіргізбеді. Бұл – құқықтарымызды шектеу деп ойлаймын. Біздің де, балаларымыздың да құқығы тапталып отыр. Бұл жай ғана қаржы пирамидасы емес, мұнда балаларымыздың тағдырына нұқсан келді. Оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар. Олар қатты күйзеліске ұшырады", – деді ата-ана Әсел Абдиева.

Мәліметтерге сенсек, өзін жәбірленуші санайтын жүзге жуық адам бар. Дайындық курстарына жазылу 2 миллион теңге тұрған. Камилла Джалилованың анасы бұл ақшаны несиеге алған. Алайда екі аптадан кейін сабақтар тоқтатылып, мекеменің есіктері біржола жабылған. Ақшаның қайда кеткенін талапкерлер әлі күнге дейін білмейді. Оқуға ешкім түсе алмады, ал ҰБТ тапсыруға уақыт тым кеш болған. Осылайша, Камилла бір жылын жоғалтып, оны қарыздарын өтеу үшін жұмыс істеуге жұмсауға мәжбүр болды.

"Италияға оқуға түсуді жоспарлаған едім. Олар бізге грант жеңіп алатынымызды айтып, болашақ туралы жарқын уәделер берді. Ақыры Италияға түсу мүмкін болмады. Бұл енді түсінікті жайт. Бір жылымды жоғалттым. Ол кезде мен колледждің үшінші курсында оқып жүрген едім. Қазір еш жерге түспедім. Енді ғана құжат тапсырмақпыз. Осылайша, мен университетке тек 20 жасымда түспекпін", – деді Камилла Джалилова.

Балалардың армандарын күл-талқан еткен адам аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынған. Жәбірленушілердің айтуынша, сотта оның адвокаты сөз алған. Бірақ алаяқтың құрбандарының өздеріне сөйлеуге мүмкіндік берілмеген. 

Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы Роман Селицкий іс прокурорға қылмыстық-процестік заңнаманың елеулі бұзушылықтарын жою үшін қайтарылғанын айтады.

"Оның ішінде сіздер сияқты арыз жазған, бірақ айыптау актісіне енбей қалған жәбірленушілер де бар. Немесе керісінше, арыз жазбаған, бірақ іс материалдарында жәбірленуші ретінде тіркелгендер бар. Сот басқа да жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіруде. Сол үшін іс прокурорға қайтарылды", – деді сот төрағасы.

Сот өкілдері істің қайта қаралғаннан кейін міндетті түрде сотқа оралатынын мәлімдеді. Егер айыпталушының кінәсі дәлелденсе, оны нақты түрме жазасы күтіп тұр. Ал алаяқтық басталған білім беру орталығының кеңсесі жабылып, маңдайшасы алып тасталған.



Еске салайық, бұған дейін Семейде студент АҚШ визасын алмақ болып, алаяқтың құрбанына айналды. Полицияға 21 жастағы төртінші курс студенті жүгінген. Ол биыл көктемде "Америкаға бару туралы арманын" жүзеге асырмақ болған. Жігіттің сөзінше, бейтаныс ер адам оған АҚШ визасын рәсімдеуге көмектесуді ұсынған. Өз қызметі үшін ол 199 300 теңге сұрап, студент бұл соманы толықтай аударған. Алайда ақша қолына тиген соң, "көмекші" байланысқа шықпай, студентті алдап кеткен. Абай облысының полицейлері жедел әрекетінің арқасында күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Жамбыл облысының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта ер адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу болып жатыр.

Талқылау