Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға жоспарланған сапары кейінге шегерілді
Фото: Ақорда
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға сапары және "Орталық Азия – Италия" бірінші саммиті кейінге қалдырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баспасөз хатшысының айтуынша, Италия тарапының өтініші бойынша сапар мен саммиттің жаңа мерзімдері келісіліп жатыр.
"Италия тарапынан келіп түскен өтінішке сәйкес Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға жоспарланған сапары және "Орталық Азия – Италия" саммиті Рим Папасы Францисктің қайтыс болуына байланысты ұйымдастырылатын қаралы шараларға қатысуына орай кейінге шегерілді. Жаңа мерзімдері туралы қосымша хабарланады", – деді Руслан Желдібай.
Бұған дейін Ақорда Джорджа Мелонидің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26-27 сәуір күндері Қазақстанға ресми сапармен келетінін хабарлаған болатын. Кездесу барысында тараптар қазақ-итальян стратегиялық әріптестігін дамытудың келешегін талқылауды жоспарлаған.
"Орталық Азия – Италия" алғашқы саммиті 27 сәуірде өтеді деп жоспарланған еді.
Айта кетейік, Джорджа Мелони – Италия тарихында алғаш рет Министрлер кеңесінің төрайымы болған әйел. Ол бұл қызметке 2022 жылдың 22 қазанында тағайындалды. Бұған дейін Сильвио Берлусконидің төртінші үкіметінде жастар ісі жөніндегі министр болған. Сонымен қатар ол 2014 жылдан бері "Италияның бауырлары" партиясының, ал 2020 жылдан бастап Еуропалық консерваторлар және реформашылар партиясының жетекшісі.
Рим Папасы Франциск өмірден өтті
Қазақстан түрікмендік алып Галкыныш кен орнын игеруге қосылмақ
Еске салайық, қаңтар айында Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Даби тұрақты даму апталығы аясында Джорджа Мелонимен кездескен еді. Сол кезде президент Италия премьерін туған күнімен құттықтады. 2024 жылдың қаңтарында Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барып, үш ғасырлық тарихы бар әйгілі Киджи сарайында Мелонимен кездесті. Кейін Мелони өзінің Instagram парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевпен түскен суретін жариялады.

"Саусақтары күйіп, денесі құрысып қалды": Талдықорғанда Kaspi терминалын ұстаған баланы тоқ соқты (видео)
