Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өміріңізді сақтап қалатын ережелер. Ит шабуылдаса, не істеу керек? (видео)

Жеті қазынаның бірі саналатын ит - он екі мүшелдің бірі, жеті қазынаның бастысы, адамның серігі, үйдің қорғаны. Десе де адамның адал досы саналатын үй жануары кісіге тап беруі де мүмкін, соңғы жылдары елімізде "жеті қазынаның бірінің" шабуылдарынан зардап шеккен, тіпті дүниеден озып кеткен балалар мен ересектер саны өсіп келеді. Иттің қауып алуынан қалай қорғануға болады? Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «WORKING DOG DNA» атты иттерді жаттықтыру орталығының жетекші маманы Дмитрий Долгополовпен сұхбаттасып, қабаған иттен қорғану әдістерін біліп қайтты.  

Дмитрий, иттің бізді қауып алатынын сезсек, не істеуіміз керек?

Қабаған ит сізге үрісе, бірақ қауып алу қаупі тумаса, ол осы арқылы сол аймақты, күшіктерін немесе тамағын қорғап жатыр деген сөз. Ол "Бұл жерге жақындама" деп айтқысы келіп тұр. Мұндай жағдайда, біріншіден, саспаңыз және қорықпаңыз. Иттің көзі бір орында тұрған объектілерге қарағанда жүгіретін объектілерді жақсы көреді. Оны ұстап алу қажет деп түсінеді. Сондықтан жүгірмеңіз. Жануардың көзіне қарамаңыз, күлмеңіз. Оның тілінде күлкі керісінше айқасқа шақыруды білдіреді. Есінеңіз де, итке қырыңызбен бұрылып, жүріп келе жатсаңыз, траекторияңызды өзгертесіз.

Ит артымыздан келіп шабуыл жасамауы үшін қауіпсіз аймаққа қарай өткеніміз жөн. Егер итке жалғыз өзіңіз төтеп бере алмайтыныңызды сезсек, көмекке екі-үш адамды шақырамыз. Ит  - әлеуметтік бейімделген жануар, бірнеше адамға шабуыл жасамайды. Тек иттердің ым-ишараны өте жақсы түсінетінін, өзара ақпарат алмасуда 70% соны қолданатынын ұмытпау керек. Біздің ым-ишара қауіп-қатердің алдын алады немесе керісінше жағдайды ушықтырып жібереді. 

Ит өз аймағын, күшіктерін, тамағын қорғап шабуылдайды дедіңіз. Көпшілік біле бермейтін, бірақ шабуылдауға түрткі болатын қандай жағдайлар бар? 

Жыл мезгіліне байланысты болатын жыныстық агрессия иттің сізді қауып алуына түрткі болады. Осыдан бөлек, жарақаттанған, көлік қаққан ит бар делік, ол денесі ауырып қиналған соң, сол ауруды сізбен байланыстырады. Аффект күйінде қауып алуы мүмкін. 

Жалпы ит өз аймағын, күшіктерін немесе тамағын қорғап шабуыл жасағысы келсе, қауіп-қатердің алдын алуға болады. Бірақ құтырмамен ауыратын немесе жарақаттанған итпен бетпе-бет келгенде алдын алу өте қиын. Мұндай жағдайда тек қорғану керек. 

Жағдайды ушықтырып алдық делік, ит бізге шабуыл жасауға тырысса не істеу қажет? 

Біріншіден, иттің жыртқыш екенін түсініңіз. Оның негізгі қаруы — тістері. Ит шабуыл жасағанда дененің басты бөлімдерін, яғни бет пен мойынды, ішімізді қорғаймыз. Егер ит аталған жерлерді тістеп алса, адамның жағдайы қатты нашарлап кетеді, ол оп-оңай иттің олжасына айналады. Ит шабуылдағанда өзіңізде бар дүниемен қорғаныңыз. Қолыңызда бір зат болса, соны итке лақтырып жіберуге болады. Сыртқы киіміңізді шешіп, жануардың үстін сонымен жауып тастаңыз. Әрбір іс-әрекетіңізді нық сеніммен жасаңыз. Иттен қорықпай, кеуде тұсынан бір ұрып немесе теуіп жіберсеңіз, оның сізді қауып алуға деген құлшынысы азаяды. 

Қорғану мақсатында жерден тас алып, итке қарай лақтыру әркез көмектесе бермейді. Себебі, бұл әрекетті, яғни жерден тас немесе басқа затты алып лақтырып жіберуді кейбір иттер өте жақсы біледі. Олар қорқып, қашып кетудің орнына тас өзіне тимейтіндей жалтақтай бастайды.

Иттің шабуылына төтеп бере алмай, қазір ол қауып алатынын түсінсеңіз, денеңіздің маңызды бөліктеріне зақым келмеуі үшін, қолыңызды алға қарай созып, жануардың назарын соған аударыңыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, ит қимылдайтын, қозғалатын объектілерді жақсы көреді. Ит қолыңызды қауып алса, өміріңізге және денсаулығыңызға аса үлкен қауіп төнбейді.  Қолыңыз ауырса да, оны өзіңізге қарай тартып алуға тырыспаңыз. Дәл осы сәтте сізде итті қуып жіберіп, айқастың жеңімпазы болып шығуға мүмкіндік туады.Тістеп алған кезде мұрнынан, тамағынан, желкесінен ұрыңыз.  Қолыңыздан келсе үстіне отырып алып, басын қысып ұстап алыңыз. Сол кезде ол әрі қарай сізді қауып ала алмайды.

Ал, "Кет", "Стоп" сынды командалар арқылы немесе қолды жоғары көтеріп, денені үлкейту арқылы итті қорқытып, тоқтатуға бола ма?

Бұл командаларды иттердің барлығы тыңдай бермейді. Қолыңызды жоғары көтеріп, итті тоқтатқыңыз келсе, жануарға қысым көрсете біліңіз. Қолыңызды көтергенімен ешнәрсе шықпай жатқанын түсініп, артқа қадам жасасаңыз, ит сізден мықты екенін сезіп қояды. Өзіне өте сенімді итті бұл әдістермен қорқыта алмайсыз. Әрине, қорғануға арналған бірнеше техникалар бар. Бірақ оларды қолданып, шабуылдан сақтана алатыныңызға жүз пайыз кепілдік жоқ. Бұл техникалар, командалар керісінше жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Кет деп қолыңызды  бір сермесеңіз, мысалы, қорғаныс қызметін үйрететін курста жаттықтырылған ит мұны шабуыл деп түсініп қалады. Жауап ретінде сізге тап беруі ықтимал. Сондықтан жануар шабуылдамауы үшін керісінше онымен табысып кетудің жолдарын ойластырыңыз, жоғарыда айтылған әдістерді пайдаланыңыз. 

Ит қауып алған соң не істеу керек?

Біріншіден, жараны жақсылап тазалаңыз, жақын маңайда орналасқан медициналық пунктке барып, белгілі бір емдік курстан өтіңіз. Егер иесі бар ит қауып алса иесінен жануардың медициналық анықтамасын сұраңыз. Ол итке құтырмадан екпе салынғанын растауы қажет. 

Ит адамның қорыққанын сезеді,  сосын одан сайын құтырып кетеді деген қаншалықты рас?

Қорыққан кезде бізде белгілі бір көлемде тестостерон және адреналин бөлінеді. Кейбір иттер мұны өте жақсы сезеді. Алайда, қорыққан кезде іс-қимылымыз мұны көрсетіп қояды. Жесттерді ит жақсырақ түсінеді. 

Итті қалай күтуге болмайды?

Итке жауыздақпен қарауға болмайды. Біз итті сатып алғанда, оны өзімізге үйрету үшін жаттықтыру керекпіз. Уақыт бөлу қажет. Сондай-ақ иттің айтқаныңызды орындайтын сиқырлы пернесі жоқ. Осыны түсінген жөн. Қайталап айтамын, ит — тіршілік иесі. Оған жауыздықпен қарауға болмайды. Итіңізге жауыз болсаңыз, сондай жауап аласыз. 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
 

Талқылау
Пікір
Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР

Депутат зейнетақы жинағын қазақстандықтардың бәрі ала алмайтыны айтып қынжылды

Жамалов: Тұрғын үй немесе білім алу үшін жинақталған зейнетақы бәріне берілмейді

2020 жылы 4 баладан көп отбасына жәрдемақы қалай төленеді

Квартал сайын мекен-жай бойынша көмек көрсетіледі

Сауыншылар азайып жатыр: Еңбек министрлігі жәрдемақының кері тұстарын айтты

Нұрымбетов: Адамдар жәрдемақы алу үшін жұмыс істеуден бас тартады

"Күтіп баптауға 50 миллион теңге кетеді": Қостанай облысының әкімі өзінің 14 таңдаулы жекежайда тұруы жайлы сөз қозғады

Айтуынша, ол жекежайда орналасқан бір үйде ғана тұрады екен

Ақтауда 1 жасар баланың көз жұмуы: Бүлдіршін қайғылы оқиға болған үйге сол күні бірінші рет келген

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мәлімдеді

«Әншілігінен гөрі актерлігі ұнайды»: Айқын Төлепберген фильмінің басты рөліне екінші әйелін түсіреді

"Оны режиссерлер де байқады"

Талдықорғанда балта ұстаған ер азамат автобусқа шабуыл жасады

Оқиға 6 желтоқсан күні орын алған

Есірткі қабылдауға мәжбүрлеген: Алматыда мүгедек қыз зорлық әрекетіне ұшырады

Оқиға 29 қараша күні орын алыпты

Алматылық тұрғын бір қорап кәмпит сыйлаймын деп жарты миллион теңгелік айыппұлға ілікті

Алғыс ретінде берген сыйлығының арты 500 мыңдық айыппұлмен аяқталды

"Әлем аруы-2019" байқауының жеңімпазы анықталды

Бұл атаққа ОАР-ның атынан өнер көрсеткен ару ие болыпты
Çàãðóçêà...