Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ыстықтың кесірінен Алматы-Қорғас тас жолындағы бетон плиталар көтеріліп кетті

Алматы-Қорғас тас жолында ыстықтың кесірінен бетон плиталары көтеріліп кетті. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Шелек жақтан келе жатсаңыз Маловодноеға жетпей бетондар қайта көтеріліп кеткен. Абай болыңдар, жігіттер", – дейді видео авторы.

Жағдайға “ҚазАвтоЖол” түсініктеме берді.

 “2021 жылы 2 шілдеде "Алматы-Қорғас" (Бәйдібек Би кенті ауданында) автомобиль жолының ақылы учаскесінің 86-шақырымында ауа температурасының күрт көтерілуінен бетон плиталар ығысып, жүріс бөлігінің жабыны көтеріліп кеткен. 

"ҚазАвтоЖол" қызметкерлері әкімшілік полициямен бірлесіп жедел түрде ескерту жол белгілерін орнатты, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде полицияның патрульдік көлігі қойылды”, – деді “ҚазАвтоЖол” өкілдері.

Жауапты компания учаскедегі ақау жедел жойылғанын атап өтті.

"ҚазАвтоЖол" уақытша қолайсыздықтар туындағаны үшін кешірім сұрайды және жол пайдаланушыларына уақтылы хабардар еткені үшін алғыс білдіреді", – деді компания өкілдері. 

Гүлдана Қазтай
Сенбі, 03 Шілде, 2021 13:31
Талқылау