Ыстамбұл мэрі сыбайлас жемқорлықпен ресми түрде қамауға алынды
Түркия соты жексенбі күні 23 наурызда президент Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси қарсыласы Экрем Имамоглуды ресми түрде тұтқындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: AP/Scanpix
Басылымның мәліметінше, бұл шешім халықтың наразылығын өршітіп, шиеленіс кезінде жергілікті қаржы нарықтарына деген қысым күшеюіне алып келеді.
NTV арнасы негізгі оппозициялық Республикалық халық партиясының өкілі, Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен ресми түрде қамауға алынғанын хабарлады. Ол сотқа дейін қамауда отырады.
Сонымен қатар оған терроризмге қатысты айып тағылды. Бірақ бұл іс бойынша әлі шешім шыққан жоқ. Имамоглу өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарады.
Түркияның 15 миллионнан астам халқы бар ең үлкен қаласын басқаратын Имамоглу жексенбі күні 2028 жылы жоспарланған сайлауда президенттікке үміткер болатынын айтпақ еді. Алайда ол 19 наурыз ұсталды. Оның жақтастары бұл оқиғаның саяси астары бар деген желеумен наразылыққа шықты.
- Республикалық халық партиясы Имамоглудың Түркия президенттігіне кандидат болып қала беретінін мәлімдеді
- Қазақстан елшілігі Түркиядағы қазақстандықтарға үндеу жасады
Экрем Имамоглудың қамауға алынуы үкімтке қарсы наразылықтарға себеп болды. Тыйым мен шектеулерге қарамастан жүз мыңдаған адам наразылыққа шықты. Халықтың наразылығы қаржы нарығына да әсер етті. Түркиялық акциялар өткен аптада күрт құлдырап, негізгі пайыздық мөлшерлеменің кенет көтерілуі лираның құнсыздануына тоқтау бола алмады.
Еске салайық, бұған дейін 19 наурызда Ыстамбұл мэрі және оның серіктері ұсталды. Шенділерді жемқорлық, парақорлық және сатып алу әрекеттеріне қатысы бар деп айыптады.
Шенеуніктерді полиция 4 күн бойы қамауда ұстайды деп жоспарланған. Қалада жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін 4 күнге наразылық акцияларына тыйым салынды. Көлік қозғалысына және метро желілерінің жұмысына шектеулер енгізілді. Кейін бүкіл Түркияда жаппай наразылықтар басталып, олардың әлі де жалғасуы мүмкін екені айтылды.
Бұған дейін Түркияның Бас прокуратурасы Имамоглуның "бизнес басқару" мамандығы бойынша алған дипломының шынайылығы мен заңды күшін тексеру үшін Ыстамбұл университетіне сұрау салған. Оның Солтүстік Кипрдегі университеттен Ыстамбұлға ауысуы кезінде заң бұзушылықтар болғаны туралы күдік туған. Өйткені сол кезде бұл оқу орны Түркия тарапынан ресми мойындалмаған. Бұған байланысты 17 наурызда Ыстамбұл университеті Имамоглуның дипломын жарамсыз деп таныды. Бұл оның президенттік сайлауға қатысуына қиындық туғызуы мүмкін.