Ислам дінін қабылдап, қазақша өлең жазатын орыс жігіті өзінің табысқа жету құпиясымен бөлісті
Қазақ тілінде өзінің ана тіліндей емін-еркін көсіліп сөйлейтін, қазақша өлең жазатын, ата-бабамыздың салт-дәстүрін қадірлеп, қастерлей білумен қатар, ислам дінін қабылдап, мұсылманшылықты берік ұстанатын орыс жігіті Вячеслав Вавилин өзінің табысқа жетуінің құпиясымен бөлісті.
Бұл туралы “Айқын” басылымы жазады.
Бүгінде «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі қызмет атқаратын ол Қазақ көркемөнер академиясының академигі атанған.
“Кішкентай кезімнен бастап тіл үйренуге баса мән бердім. Орыс тілі анамның сүтімен сіңді, тегін берілді. Қазақ тілі еңбекпен алынды. Он екі жасымнан қазақша үйрене бастадым. Мира деген ұстазым болды. Тілді кішкентай кезден бастап насихаттау керек, меніңше, еліміздегі барлық балабақша қазақ тіліне өтуі керек, яғни, бастапқы білім қазақша берілсе, тілмен танысу арқылы балалар салт-дәстүрді меңгереді, тіл арқылы қазақ ұлтына деген жастайынан махаббаты оянады. Мектепті, жоғары білімді қай тілде алатынын әркім өзі таңдасын. Сонда ғана болашақта бір ғана мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз”, – дейді ол.
Вячеслав Алматы қаласындағы №18 мектепті орыс тілінде тәмамдаған. Содан соң Қазақ-Америка университетінің заң факультетін 2002 жылы бітіріп шығады. Бұдан бөлек Қазақ инженерлік экономикалық университетінің қаржы және кредит факультетінің дипломын алыпты. Кейін келе мемлекеттік қызметтің де дәмін татады. Біраз уақыт Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің көмекшісі, 2005-2007 жылдары Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы Азия континентальдық АИБА бюросының вице-президенті сонымен қатар Әлемдік әуесқой бокс қауымдастығы президентінің кеңесшісі болып қызмет атқарған.
“Анам да мені шіркеуге апарып, христиан қылды. Бірақ өсе келе, діни кітаптарды өзара салыстырып оқи жүріп, Библияда ақырғы пайғамбар Ахмадтың келетіні ап-анық жазылған аят барын білдім. Ахмет – Мұхаммедтің бір аты. 25 жасымда шаһадат айтып, Алланың қалауымен мұсылман болдым. Одан бергі 10 жыл ішінде мұсылман болғаныма рақаттанып жүрмін. Қазір тәжуид үйренудемін, толық меңгермесем де, Құранды арабша еркін оқи беремін. Бірнеше парасын жатқа білемін”, – дейді ол қалай ислам дінін қабылдағаны туралы баяндап.
Қазіргі таңда келіншегі, бір ұл мен бір қызы бар. Ұлының атын Мұхаммед деп қойған Вячеслав ара-тұра ой келсе өлең жазып та тұрамын дейді.
Оқи отырыңыз:
Амандық Баталов 100 жасқа толған президенттің ұстазының иығына шапан жапты
Нұрсұлтан Назарбаев мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті
Астаналық ардагерлерге Жеңіс күніне 500 мың теңгеден бөлінді