"Ішкі істер министрлігінде ауқымды тазалау жүргізу қажет": Депутат Базарбек "мажорлардың" балаларын жазасыз қалдырмауды талап етті

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы өлімге әкелген жол апатынан кейін ішкі істер органдарында жүйелі мәселелер бар екенін айтып, ауқымды реформалар мен қатаң бақылау қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Базарбек ішкі істер органдарында ауқымды тазалау жүргізетін уақыт келгенін айтты.
"Ең әуелі, барлық бейнекамера жазбасын көтеруіміз керек, себебі жұмыстан босатылған ішкі істер органдарының басшы қызметкері қатардағы адам емес. Мен Алматыда, Әл-Фараби көшесінде тұрамын. Күнде спорткарлармен қалай жүйткіп жүретінін көремін. Бірақ олардың айыппұл төлеп жатқанын, біреудің жұмыстан босатылып немесе жауапқа тартылғанын көрмейміз. Ауқымды тазалау қажет. Тек ішкі істер департаментіне ғана емес, бүкіл Қазақстанға қатысты", – деді депутат.
Көшелердегі жарысқұмар жүргізушілер туралы айтқанда, Базарбек жоғары лауазымды шенеуніктер мен ірі бизнес өкілдерінің балалары "мажорларды" да еске алды.
"Оларды ішкі істер департаменттеріндегі лауазымды тұлғалар қорғаштайды. Мұндай жағдай басқа өңірлерде де бар. Біз құқық қорғау органдары жүйесін осындай адамдардан тазартуымыз керек. Мажорларды қорғайтындарды жүйеден аластау қажет. Менің ойымша, біз (депутаттар корпусы) бұл мәселе бойынша президентке жүгінуге дайынбыз. Ішкі істер министрінің алдында тәртіпті қатаң қою керек...", –деді Бақытжан Базарбек.
Бақытжан Базарбек бұл мәселені талқыланып жатқан рақымшылық аясында да ескеру қажет екенін айтты.
"Заң жобасын әлі көрген жоқпыз. Ол үкіметтік жоба бола ма, әлде депутаттардың бастамасы ма бәрібір, бізге келуге тиіс. Сол кезде мен міндетті түрде жұмыс тобына кіремін. Жеке ұстанымым, жол қозғалысы ережесін бұзғандарға рақымшылық жасауға қарсымын", – деп түйіндеді депутат.
- Алматы полициясы Әл-Фараби даңғылындағы түнгі жарыстардың көбейгенін мойындады
-
Алматыдағы жол апатына жоғары лауазымды полицейдің қатысы болуы мүмкін – Депутат
Еске салайық, бұған дейін Алматыда болған жол апатында бірнеше адам қаза тапты. Кейін апатқа кінәлі жүргізушінің Zeekr көлігін басқарғаны және жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, полиция департаментінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?