Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер министрлігі соңғы қоңырау қарсаңында түлектер мен ата-аналарға үндеу жасады 

Ішкі істер министрлігі биылғы мектеп бітіру кештеріндегі қауіпсіздікті сақтау мақсатында түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: egemen.kz

Былтыр түлектердің катысуымен түрлі құқық бұзушылықтар тіркелген. Ішкі істер министрлігі іс-шаралар өткізілетін орындардағы құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз ету үшін әрбір оқу орнына полиция қызметкері бекітілетінін атап өтті. 

"Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полицияның патрульдік нарядтары шара өткізілетін орындарға барынша жақын орналастырылады. Жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камералары іске қосылып, жалпы іс-шараларға 7 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылады", – делінген ведомство хабарламасында. 

Министрлік өкілінің айтуынша, кейінгі жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, мектептерде "соңғы қоңырау" аяқталғаннан кейін ата-аналардың рұқсат етуімен көп түлектер өз бетінше іс-шараларды жалғастырады. Кәмелетке толмағандардың көлікті тізгіндеуінің қайғылы салдары жиі кездеседі. Өткен жылы мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында тіркелген. Сондай-ақ ата-анасы бақыламағаннан көп бала тыйым салынған және белгіленбеген жерлерде суға түседі. Өткен жылы Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су қоймаларының жабдықталмаған орындарында жасөспірімдердің қаза табу фактілері болған.

"Ата-аналардан және мектеп бітіруші түлектерден қоғамдық тәртіпті бұзбауды, жол жүру ережелерін сақтауды, су қоймаларындағы қауіпсіздік шараларын ескеруді сұраймыз. Тәрбиешілер, ата-аналар және кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдері іс-шара аяқталғанға дейін түлектерге тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі керек. Құрметті түлектер мен олардың ата-аналары, бұл мереке сіз үшін тек жағымды жағынан есте қалуы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 нөміріне, ал төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз", – деді ішкі істер министрлігінің өкілі Әсет Оспанов.

Талқылау