Ішкі істер министрлігі есірткіге тәуелді оқушыларды қалай анықтайтынын түсіндірді
Ішкі істер министрлігі келесі жылдан бастап оқушылардың қанында тыйым салынған препараттардың бар-жоғын тексермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік өкілдерінің сөзінше, мұндай тексерістер есірткіге тәуелділікпен күрес бойынша кешенді жоспардың бір бөлігіне айналуы керек. Сонымен қатар тексеріс ата-аналардың рұқсатымен жүргізіледі.
"Бұл – нәзік мәселе. Айта кетейін, 10 жыл бұрын ата-аналар осы мәселені көтергенде қарсы шыққан. 2012 жылы балаларды тестілеуден өткізу ұсынылған. Қазір ата-аналардың барлығы қолдайды. Көбісі тексергенін қалайды. Себебі мұны бақылау мүмкін емес", – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Қазір министрлікте мұндай тексерісті заңдастыру жолдары қарастырылып жатыр екен. Дегенмен мұны келер жылдың алғашқы жартысында шешуге уәде беріп отыр. Бұдан кейін ата-аналардан психологтардың қатысуымен тестілеу жүргізуге рұқсат алынады.
Тестілеу кезінде арнайы сұрақтар қойылып, есірткі тұтынуы мүмкін оқушылар анықталады.