Ішкі істер министрі Талғарда неге резонанстық қылмыстар көп болатынын түсіндірді
Фото: magekz.org
Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғар қаласында резонансты қылмыстар неге көп болатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
"Қала әдемі, бірақ, өкінішке қарай, инфрақұрылымы талапқа сай емес. Халық саны 500 мыңнан асады. Бұл — Алматының шекарасына жақын орналасқан қала, яғни іс жүзінде қала маңы. Дегенмен, кадр тапшылығы мен ұйымдастырудағы кемшіліктер бар. Бұл бағытта жауапты адамдар екі жағдайда да жазаланды", — деді Сәденов Үкімет сағатында өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, Талғарда халық санының өсуіне байланысты учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігі сезіледі. Жасанды интеллект технологияларын енгізу бұл жұмысты толық алмастыра алмайды, өйткені профилактикалық жұмысты адамдар атқаруы тиіс.
Қалада ахуалды жақсарту үшін бейнебақылау камералары орнатылып, жедел басқару орталығы ашылмақ.
"Белгілі бір дәрежеде біздің қызметкерлердің де кінәсі бар. Тергеу органдары мен басшылар тарапынан да уақытылы шара қабылданбаған", — деді министр.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Кейін оның отбасылық үйі өртеніп, тергеу барысында бұл қасақана өртеу екені анықталған. Биыл маусымда сот тоғыз айыпталушыны 1,5 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырды.
Ал 2025 жылғы 6 қыркүйекте тағы бір қайғылы оқиға болды — ер адам талғарлық тұрғынды өлтіріп, екі жасар қызды ұрлап кеткен, кейін бала анасына қайтарылды. Бұл іс бойынша полицияның әрекетсіздігіне байланысты прокуратура тергеу бастады.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
