Ішкі істер министрі боди массаж бен тыйым салынған кальян туралы айтты
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов кальян шегетін орындарға тыйым салынғанына қарамастан жұмысын жалғастырып жатқанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram.com/sadenov_online
Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің подкастында Ержан Сәденовтен Астана мен Алматы қалаларындағы кальян шегетін орындар тыйым салынғанына қарамастан жұмысын жалғастырып жатқанын сұрады.
“Өкінішке қарай, мұндай құқық бұзушылық фактілер бар. Бірақ қазір полиция барынша жылдам әрекет етіп жатыр. Өткен жылы 20 мыңнан астам осындай заң бұзушылық анықталды”, – деді министрлік басшысы.
Сұхбат барысында министр боди массаж қызметін ұсынатын массаж салондар туралы айтты.
“Массаж салондарына келетін болсақ, мұндай құқықбұзушылықтар анықталып жатыр. Әрине, массаж салондары әлі де бар. Бірақ заңда интимдік қызмет көрсететін салондарға қатысты бап бар. Егер қандай да бір орын, мысалы, пәтер, осындай құқықбұзушылықтар жасау үшін пайдаланылса немесе біреу оны ұйымдастырса ол заң бойынша жауапқа тартылады”, – дейді Ержан Сәденов.
Оның айтуынша, былтыр осындай бірнеше ұйымдасқан топ анықталған.
“Kyzdar.net сайты бұғатталды, оның ұйымдастырушылары қазір жазасын өтеп жатыр. Кейбіріне қатысты сот процестері әлі де жалғасып жатыр”, – деді министр.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда кальян ұсынатын мейрамхана иелеріне жаза күшейтілетіні туралы жазғанбыз.