"Ішіңіз бақыт пен қимастыққа толып отыр": Дана Нұржігіт жазушы Әкім Таразидың жұбайына көңіл айтты
Фото: Видеодан скриншот
Танымал журналист Дана Нұржігіт дүниеден озған Әкім Таразидың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, жазушы-драматург Әкім Тарази өмірден өткен еді.
"Ұйқым қашты… Роза апай, мынау 5 жыл бұрын өзіңізге арналған “Дара жол”еді. Себепсізден себепсіз сүйген адамыңызды құшақтап оның “не болды?” деген жұмсақ үнін естіп, оған жауап таппай, тамсанып, жүрегіңіз қолқаңызға тығылғаннан “аһһһ”деп шалқая кетіп, ішіңіз бақыт пен қимастыққа толып отырғанын көрдім. Сіз ештеңе айтпай, сол “аһһһ”дегеніңізбен-ақ ағыңыздан жарылып, бәрін айттыңыз! Қимастық…
Біз сіздерге ризамыз, Роза апай,Әкім аға! Сіздер қос суреткердің бір бірінің жеке дара талантын құрметтеудің, шын сүйіп, өмір бақи сол сезімге адал болудың, мәнді-мазмұнды ғұмыр кешудің үлгісін көрсетіп кеттіңіздер! Шын өмір-бір рухани кеңістікте бірге тыныстау, қу тіршілікте қалғып-мүлгіп емес, қалықтап ұшып, сол биіктен өмірдің түрлі құбылыстарына, адам тағдырларына баға беру,қоғамға ой салу деген миссиямен өмір сүрдіңіздер.Рақмет сіздерге! Роза апай, мен Сізді жақсы көрем, дәл қазір сол 1992 жылы өзіңізге еркеліп, хатын “шофер” деп жолдаған Әкім ағаны жоқтап, ”аһһ”ұрған жүрегіңізден айналдым! Сіз ең бірінші кезекте бақытты әйелсіз! Сіздің жүрегіңізге махаббат ұя салған. Ал махаббат мәңгі. Құшақтадым, апай! Бекем болыңыз!", – деп жазды тележүргізуші.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
"Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман "Әдебиет әлемінің Әкімі" деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады", – делінген жеделхатта.

Алматы облысында екі көлік соқтығысып, жаяу жүргінші өткеліндегі адамды қағып кетті
