Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қан қысымы бар әйелдерге босануға болмайды": Акушер-гинеколог 40 жастан асқаннан кейін дүниеге бала әкелудің қаупін айтты

Дәрігер мамандар әйелдерге 20 мен 30 жастың аралығы бала босану үшін ең қолайлы жас деп кеңес береді. Ал акушер-гинеколог Дана Амангелдіқызы былтырғы статистика бойынша босанған әйелдердің 24,5%-ы 40-44 жас аралығында екенін айтады. Маман Stan.kz тілшісіне кеш босанудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп берді. Сондай-ақ 43 жасында төрт баланың анасы атанған Райхан Темірбековамен тілдесіп көрді. 

Алматы қаласының тұрғыны Райхан Темірбекова – төрт баланың анасы. Әдетте ерлі-зайыпты кеш жүктілікті алдын ала жоспарлайды. Алайда біздің кейіпкеріміз 5 айға дейін құрсағында сәби барын білмеген.

“Төртінші ұлымды 43 жасымда босандым. Бірақ жүктілікті жоспарламағанмын. Кенжем дүниеге келгенде үлкен ұлым 23 жаста, қыздарымның бірі 19-да, екіншісі 6 жаста еді. Төртінші балама жүкті екенімді кеш білдім. Етеккір бірде келіп, бірде тоқтап қалған соң гинеколог маманға қаралдым. Менопауза деп ойладым. Сол кездері артық салмағым болғандықтан, диета ұстап жүргенмін. Сөйтіп айтарлықтай салмақ тастадым. Сол жылы күйеуім қатты ауырып емдетемін деп аласұрып жүргенде жүкті екенімді білмеппін. Іш құрылысымда қозғалыс барын байқадым, бірақ оны диетаның нәтижесі деп ойладым. Жүктілікті анықтайтын тест те бір жолақты көрсетті”, – дейді кейіпкер.

Ол ойдағы күмәнін сейілту үшін дәрігердің қабылдауына барады. 

“Кейін тексеруден өткенде жүкті екенімді білдім. Бала 4,5-5 айлық екен. Алғашында қатты қорықтым. Себебі күйеуім қатты ауырып ауруханада жатқан. Жұмыс жоқ, тапқан ақшамызды емге жұмсадық. Күйеуіме айтып едім: “Мен қанша дәрі ішіп жатырмын. Бұл бала қалай болар екен”, – деп уайымдады. Біздің отбасымыз үшін қиын кезеңдердің бірі болды. Өзімнің несием болды, саудамыз жүрмей қиналып қалдық. Жүкті екенімді білгенде қорқып кеттім. Дәрігерлермен сөйлесіп, жүктілікті тоқтатпақ болдым. Сөйтіп бекініп жүргенде 19 жастағы қызым қарсы болды. Қызым айтқан соң не болса да баланы дүниеге әкелемін деп шештік, бірақ қазір еш өкінбеймін. Керісінше, ұлымды аман-есен дүниеге әкелгеніме қуанамын. Шүкір, қазір сол балам 8 жаста”, – дейді Райхан Темірбекова.

Райхан ханымның айтуынша, жүктілік кезінде ешқандай қиындық болмаған. Қырық жастан асқан келіншек төртінші перзентін жеңіл босанған.

“Жүктілік бойы еш қиналмадым. Қан қысымым да орнында, денемде ісік те болған жоқ, гемоглобин мөлшері де қалыпты болды. Өзім босандым. Ұлым басқа балаларға қарағанда ірі болды. Батыр бала болып дүниеге келді. Босану барысында да еш қиындық туған жоқ. Өзімде айтарлықтай қорқыныш болмады. Бір айта кететіні, бала ширап, өсіп, белсенді бола бастағанда шаршап қалатынмын. Балаға қарап, үйдің шаруасын істеуге күш пен энергия керек. Өзім қырықтан асқан соң шапшаң қимылдап, жүгіріп кете алмадым. Сол жағы сәл қиындау болды. Кенжемді дүниеге әкеліп, үйге келгеннен кейін өзім барынша күтіндім. Көбіне балаларым көмектесті”, –дейді Райхан Темірбекова.

Айтуынша, төртінші сәбиін босанған соң кейіпкер табысынан да, кәсібінен де айырылған. Кейін ұлы 7 айға толғанда кондитерлік өнімдерді жасап үйрететін курс оқып, іс бастамақ болады.

“Қызымның көмегімен түрлі торт жасап үйрендім. Қазір үйде отырып тәттілерге тапсырыс қабылдаймын. Күйеуіңіздің тарапынан қандай да бір қолдау болды ма?” деген сауалымызға ол:  “Күйеуім жиі көмектесті, қарасты” деп айта алмаймын. Арасында баланы ойнатып, жанында болатын. Балаға, маған көңіл бөлуге уақыты да көп бола бермейтін. Жұмыста, одан қалды үйдің тірлігі. Ер азамат мұндайда қорқақтап, қашқақтайды. Балам кішкентайынан тынымсыз боп өсті. Көп жылайтын. Содан күйеуімнің мазасы қашатын”, – дейді кәсібін дөңгелетіп отырған Райхан. 

Райхан ханым жүктіліктің ерте-кеші болмайды деп санайды. 

“Алла берсе, туа беру керек. Денсаулық болса, еліміздің демографиясына үлес қосқан дұрыс. Әр бала өз несібесімен келеді. Балаларым есейіп, кәсібімді дөңгелетіп жүргенде бала қарап үйде отырамын деп ойлаған жоқпын, бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Бала –Алланың берген сыйы. Қанша бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылар бар”, – дейді Райхан Темірбекова. 

Кейіпкеріміздің бұл сөзімен акушер-гинеколог Дана Амангелдіқызы да толығымен келіседі. 

“Әрине, әр жағдайдың өз уақытымен болғаны дұрыс. Бірақ қай жаста босанса да – әйелдің өз қалауы, егер денсаулығы жарап тұрса, жүктілікке жақсылап дайындалса, баланы қарауға мүмкіншілігі болса неге тумасқа? Кеш босану эктрагенитальді аурулары бар, яғни қан қысымы жоғары әйелдер үшін қауіпті. Ал ЭКО – тамаша қосалқы репродуктивті әдіс”, – дейді дәрігер. 

Сондай-ақ ол кеш босанған әйелдерге күтім керегін ерекше атап өтті. Қынаптық бөлініс (выделение), тігіс орнын таза ұстау, тырнақ алып, үлкен дәреттен соң жуыну қажет екенін айтты.

Ел арасында “босанған сайын жасарасың”, “кеш босансаң балаң ақылды болады” деген әңгімелердің бары жасырын емес. Гинеколог бұл сөздердің қаншалықты рас екенін айтып өтті.

“Босанған сайын жасара бересің” деген сөз – миф. Босану әйел адамды жасартпайды! Бізде етеккір бұзылысы болса, гормонды бұзылыс, стресс болса, әйелге “босанып ал, бәрі қайтады” деп жатады. Ол да қате түсінік. “Кеш жаста босанған әйелдің баласы ақылды болады” деген дерек те дәлелденбеген. Ол кеш босанған әйелдерді жұбату үшін айтылғандай”, – дейді Дана Амангелдіқызы. 

Гинеколог маманның айтуынша,  босанған соң тез қалыпқа келу үшін жүктілікке дейін салауатты өмір салтымен айналысу қажет. Сондай-ақ қосымша ауруларды емдеп, дефициттерді толықтыру керек. 

Жүктілікті кеш жоспарлаған әйелге күйеуінің қолдауы керегі сөзсіз. Дәрігер қарапайым дүниелердің өзі жаңа босанған әйелдің өмірін жеңілдетеді дейді.

“Ер адамның міндеті –  әйеліне көмектесу. Ұйқысы қанбаса, балаға қарап, сәбиді шомылдыруға көмектесу, жөргенін ауыстырып, үй шаруасын істеу, басқа балаларына қарайласып, қадағалау. Бұл – әйел үшін өте үлкен көмек. 40 жастан соң, әрине, қосымша аурулар көп. Акушер-гинеколог “сізде қарсы көрсеткіш бар, жүкті болуға болмайды” десе де, соған қарамастан бала көтеретіндер көп. Оның соңы жақсылыққа апармайды. Дәрігер жайдан-жай қарсылық білдірмейді, ал оны әйелдер түсінбейді. Егер дәрігер рұқсат берсе, әйелдің өзі сәбилі болғысы келсе ешкімнен ұялудың қажеті жоқ. Ананың бақыты – балалы болу. Әрбіріңізге ана бақытын тіледім”, – деп маман сөзін ақжарма тілекпен аяқтады.

Талқылау