Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іші бүтін, сырты түтін": Ақтөбеліктер жаңа үйлерінің жарамсыз екенін айтып ашынды

Ақтөбеліктер жаңа үйлерінің жарамсыз екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Ақтөбеліктер жаңа үйлерінің жарамсыз екенін айттыАқтөбелік тұрғындар қоныс тойын тойлағандарына ұзақ уақыт өтпесе де, баспаналарының біртіндеп бұзылып, жарамсыз болуға шақ қалғанын айтады. Су жаңа үйдің иелері үйіндінің астында қаламыз ба деп уайымдайтын көрінеді. Ал әкімдік құрлыс компаниясының атына шағым түспейінше тексеріс жүргізе алмайтындарын айтып ақталған.

"Пайдалануға берілгеніне 1 жыл толмай жатып, мына үйдің қабырғасы сөгілген. Тіпті, кірпіштерінің өзі жерге құлап жатыр. Жақындаудың өзі қорқынышты", - дейді тұрғындар. 

Бес қабатты тұрғын үйдің қабырғасы сөгіліп, кірпіштері құлай бастаған. Бір қарағанда жаңа көрінгенмен, үйдің шатырына шықсақ кемшіліктің барлығы анық байқалады. Тұрғындар сапасыз жасаған жұмыстарын құрлыс компаниясы қанша жамап-жасқағанымен көктем келгенде сол баяғы қалпына келеді деп ашынған. 

"Кірпіштер түседі. Балаларымыз бар. Өзіміз үшін қорқамыз. Себебі, шығатын есік бір. Ал мына жаққа ол кісі екінші үйді тұрғызып жатыр. Трещина бірнеше жерде бар. Балконым жаңбыр жауған сайын төбесі түсіп жатыр", - дейді қала тұрғыны Дария Есентайқызы. 

"Егер, кірпіш сынып жатса, әрине, құлауы мүмкін. Оның үстіне 5-қабатта тұрамын. Оған қоса қасымыздан үй салып жатыр", - дейді тағы бір тұрғын. 

Биыл қолданысқа берілген жаңа үйдегі пәтерлерді несиеге алғандар да бар. Жаңа пәтер алса да тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармаған сыңайлы. Құзырлы органдарға шағым түсіруді көздеген тұрғындар, құрлыс компаниясының бос уәдесінен шаршадық дейді.

"Томирис" құрылыс компаниясы басшысымен сөйлестім. Ол кісілер қазір айналысып жатырмыз, екі апта ішінде бітіреміз деп уәде беріп жатыр. Бірақ оның бәріне тексеріс жүргізу керек. Бітіру деген сөз жасап тастау емес, техникалық талаптарға сай, құрылыс заңнамасына сай қалпына келтіру керек", - дейді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысының орынбасары Таңат Шегебаев. 

Тұрғындар тарапынан шағым түскен жағдайда, әкімшілік бұл істі тексеруді қолға алатын болады. Әзірге үйдің неден бүлінгенін анықтайтын мамандар жұмыс жасай алмай отыр.  Егер тексеріс нәтижесі құрылыс компаниясының кінәсы бар екенін анықтаса, онда олқылықтар жібергені үшін айыппұл төлеуі мүмкін.

Талқылау