Іші ауырғанын айтқан: Астанада дәрігерлер 11 жастағы баланың ішінен тіс шұқығыш шығарды
Астанада 11 жастағы баланың ішінен дәрігерлер тіс шұқығыш алып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Ата-анасының айтуынша, кешкі уақытқа балалары ішінің ауырғанын айтып шағымданған соң, бірден ауруханаға алып келген.
Дәрігерлер баланы бастан-аяқ тексеріп, рентгеннен бөгде затты байқаған. Алайда экран арқылы ұшы үшкір, ішекке жабысып қалған не екенін анықтау мүмкін болмапты. Баланың жағдайы ушығып бара жатқан соң шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылданады. Баланың ішек-қарнын ақтарған дәрігерлер тіс шұқығышты алып шыққан.
Өңештен өткен тіс шұқығыш ішек жолының ортасына келгенде тіреліп қалыпты. Ал ішекке біте қабысып кеткеніне қарағанда, бала оны бірнеше жыл бұрын жұтып қойған болуы мүмкін. Қазір жеткіншектің жағдайы жақсы.
"УЗИ, КТ зерттеуінде ісік тәрізді бөгде дене бар деген күмәнмен жедел операцияға алынды. Диагностика лапароскопия кезінде ісік ашылғанда ұзақ уақыт болған бөгде дененің тіс шұқығыш екені анықталды”, – дейді Астана қалалық №2 көпбейінді аурухананың хирургі Әсем Шәкеева.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда дәрігерлер 105 магнитті моншақ жұтып алған екі жасар баланы құтқарып қалғаны туралы жазған едік.