Биыл Астанада Ironman Kazakhstan халықаралық спорт додасы өтеді
Астанада Ironman Kazakhstan спорт жарысы ұйымдастырылмақ. Бұл жарыс соңғы 5 жылда елордада өткізілетін халықаралық деңгейдегі ірі додаға айналды. Тек өткен жылдың өзінде оған 5 мыңнан астам көрермен келген. Биыл спорттық шара қала күні қарсаңында 2 шілдеде өтеді. Жарыстың жоспары туралы Астанада өткен баспасөз конференциясында айтылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта ауқымды жарысқа дайындық басталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 60 елден 1800-ден астам қатысушы келеді деп жоспарланған. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Италия, Германия және Нидерланды сынды алпауыт елдердің спортшылары бар.
"Жарысқа қатысушылар санының жыл өткен сайын ұлғаюы бізді ұйымдастырушы ретінде қатты қуантады. Сонымен қатар триатлеттердің саны біздің елімізден де, шетелдік қатысушылар арасынан да пропорционалды түрде өсіп келеді. Бұл жарыстың жоғары деңгейде өткізілетінін, сондай-ақ спортшылардың тұрақты қатысуына мүмкіндік беретінін білдірсе керек. Жарыс елдегі триатлонның дамуына да оң әсер етіп жатқандығына қуаныштымыз”, – деді Ironman Kazakhstan жарысының директоры Алексей Сидоренко.
Оның айтуынша, жарысты өткізу аясында елімізде қауымдастықтар құрылып, қажетті инфрақұрылым салынып жатыр. Сонымен қатар спорттық доданы өткізу ел экономикасының дамуына үлкен серпіліс береді.
“Адамдардың салауатты өмір салтына бағытталған бағдарламалар пайда болып, еліміздің экономикасына оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар ірі бизнестің республика бойынша осындай әлеуметтік инвестицияларға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл еліміздің экономикасын дамытудың тағы бір оң үрдісі", - деді Алексей Сидоренко.
Ironman Kazakhstan жарысының директорының айтуынша, мұндай ауқымды жарыстарда өткізуде бизнестің қолдауы ерекше маңызға ие. Дәстүр бойынша Ironman жарысының ұйымдастырушысы BI Group құрылыс холдингі. Компания өкілі Арман Лесбеков жарысқа қатысушылар саны жыл санап артып келе жатқанын тағы бір атап өтті. Сонымен қатар биыл да BI Group құрылыс холдингі жарыстың демеушісі болуға дайын.
"Біз елімізде Ironman спорттық іс-шарасын тағы да өткізетінімізге қуаныштымыз. Әлемге әйгілі бұл жарыс ауқымды түрде өтіп, көптеген қатысушы мен көрерменді тартады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджі мен танылуына оң әсер етеді. Біздің компания қызметінің негізгі әлеуметтік бағыттарының бірі – спорт пен салауатты өмір салтын қолдау. Сондықтан біз жарыстың дәстүрлі түрде қуана-қуана серіктесі боламыз", - деп атап өтті BI Group өкілі Арман Лесбеков.
Сондай-ақ биыл спорт шарасын қолдауға "Freedom Finance Life ӨСК" АҚ қосылып жатыр.
"Біз үшін Ironman титулдық серіктесі болу үлкен мәртебе. Триатлонмен айналысқан өте қызықты, бірақ кейде жарақат алуың да мүмкін. Әдетте, мұндай жарысқа қатысушылар сақтандыру шарттарын жасасады. Жарысқа қатысушылар Freedom Life компаниясынан сақтандыру шарттарын алады. Біз осы қызметтер бойынша көмек көрсетеміз. Әрбір қатысушыны 1 миллион теңгеге дейін сақтандырамыз”, - деді Freedom компаниясының өкілі Азамат Ердесов.
Еске салайық, Ironman жарысы Қазақстанда 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Еліміздегі ауқымды доданың өтуіне ықпал жасаған BI Group құрылыс холдингі. Былтыр жарысқа әлемнің 56 елінен 1634 спортшы қатысты. Ал жарысты тамашалауға 5 мыңнан астам көрермен келген.