"Іргетасы құлап, терезе жарылған": Ақтөбе облысында 30 жыл бұрын салынған балабақша апатты жағдайда тұр
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбе облысы Тамды ауылының тұрғындары мемлекеттік балабақшаны апатты деп тануды сұрайды. Отыз алты жыл бұрын салынған ғимараттың қабырғасы жарылып, іргетасы құлай бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт тоз-тозы шыққан бөбекжай қирап, төбесі опырылып түсе ме деп алаңдайды. Олар бала саны жыл сайын көбейіп жатқан елдімекенге жаңа білім ұясын салатын уақыт жетті деп отыр.
Ғимарат әу баста ауылдық кеңестің кеңсесі, сосын әкімдік болған. Бертін келе балабақшаға айналған. Бірақ тұрғындар екі қабатты нысан салынғалы жөндеу жқмысын көрмеген.
“Біріншіден, астының іргетасы құлап жатыр, шашылып жатыр. Жөндеу керек. Терезенің бәрі жарылып жатыр, ағаш терезелер бұрынғы. Бұл 1989 жылы салынған балабақша. Содан бері жөндеу көрмеген. Жыл сайын қыздар сылап, ақтап, жөндеп тұрады”, – дейді Тамды ауылының тұрғыны Марат Махамбетов.
Сыз тартқан бөлмелер күз бен қыста азынап тұрады. Сондықтан балаларымыздың бөбекжайға барғанынан гөрі аурухана табалдырығын тоздыратын күндері көбейді дейді ата-аналар.
“Бір балам емес, екі балам келеді осы балабақшаға. Балам жиі ауырады. Қызым бірінші рет барды, бірнеше ауруханаға жатып шықтық. Балалар деген бронх болып шығады, шыны керек. Ғимарат бетон, қыста мұздай, жазда ыстық. Түскі уақытта апайлардың өзі хабарласады. “Балаңыз жөтеліп жатпай жатыр қақылдап” деп. Амал жоқ алып кетемін”, – дейді ауыл тұрғыны.
Халық қабырғасы шөгіп, іргетасы сыр берген ғимаратты шенеуніктер жөндеуге асықпайды. Олар балабақшаны жөндеу үшін сметалық құжат дайындалғанын айтады. Тіпті ғимаратқа қосымша құрылыс салу көзделген екен.
“Бұл ғимаратқа қосымша құрылыс жасау керек болып тұр. Ата-аналарға сол құрылысты жасай отырып, күрделі жөндеу жүргізіледі деп түсіндірілді. Енді қазір барлық құжатты білім басқармасына тапсырдық. 2025 жылдың басында бюджет бекітіліп болғаннан кейін бұл объект 2025 жылға енбей тұр. Бірақ 2026 жылдың тізімінде тұр”, – деп мәлімдеді Алға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Бүркіталина.
Білім бөліміндегілер қазынадан қаржы бөлінсе нысан келесі жылы жөнделеді деп сендірді. Тамды ауылындағы жалғыз мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қазір 50-ден астам бала тәрбиеленеді.

"30 мың теңгеге азық-түлік аламын", "ажырасқандар салық төлесін": Көпшіліктің сынына ұшыраған депутат Ардақ Назаровтың даулы мәлімдемелері
