Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Ирандық ер адам қызын жұмысы үшін жұрттың көзінше пышақтап өлтірген

Фото: IranWire 

Иранның Тегеран провинциясының Исламшахр қаласында ер адам өзінің 18 жастағы қызы Фатеме Солтаниді сұлулық салонында жұмыс істегені үшін оны жұрт алдында пышақтап өлтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі IranWire сайтына сілтеме жасап хабарлады. 

Фатеме Солтани сұлулық салонында әкесіен жасырып, жұмыс істеген. Бұған дейін ер адам әйелі мен қызына бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсеткен екен.

Ер адам сұлулық салонының мекенжайын Instagram парақшасынан біліп алған. Ол 18 сәуір таңертең салонға келген. Солтани әкесін байқап қалып, анасына хабарласып үлгерген.



Әйелдер құқығын қорғаушы Пардис Рабии ер адамның сұлулық салонына кіріп, қызына қызметкерлер мен тұтынушылардың көзінше бірнеше рет пышақ сұққанын жазды. Кейін оның басын шауып тастамақ болған. Бірақ адамдар айқайлағанда, қашып кеткен. Сосын әйеліне телефон соғып "Мен сені осы қайғымен қалдырамын" депті.

Ер адам ұсталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Өткен жылдың наурызынан қыркүйекке дейін Иранда 78 әйел туыстары немесе отбасы мүшелерінің қолынан қаза тапқан. Ал Shargh газетінің мәліметінше, 2021-2023 жылдар аралығында ер адамдар отбасындағы кем дегенде 165 әйелді өлтірген. 

Иранмен көршілес Ауғанстанда Талибан қозғалысы 2021 жылы билікті басып алғаннан кейін әйелдерге сұлулық салондарына баруға тыйым салды.

Еске салсақ, Иран хиджаб кию ережесін сақтамаған әйелдерді дронмен бақылайтыны айтылды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 14:22
Талқылау