"Иран агенттері болуы мүмкін": Трамптың штаб-пәтері хакерлік шабуылға тап болып, құпия құжаттар ұрланғанын мәлімдеді
10 тамызда АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың штаб-пәтерінің әкімшілігі хакерлік шабуылға тап болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Euronews
Құпия құжаттарды ирандық агенттер ұрлап, таратты деген болжам айтылды. Дегенмен штаб-пәтер нақты дәлел келтірмеді. Алайда Microsoft корпорациясы АҚШ-тың алдағы президенттік сайлауына шетелдік араласу әрекеттерін егжей-тегжейлі баяндайтын есепті жариялағаннан кейін, штаб-пәтер арнайы мәлімдеме жасады.
Есепте Иранның әскери барлау қызметінің "бұрынғы аға кеңесшінің бұзылған аккаунтынан президенттік науқанның жоғары лауазымды қызметкеріне фишингтік электрондық хат" жібергені көрсетілген.
Трамптың сайлауалды штабының өкілі Стивен Чунг бұл шабуылға "АҚШ-қа дұшпандық танытқан шетелдік көздерді" кінәлады.
Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі кез келген шетелдік агент хабарламасын "өте байыпты" қабылдайтынын айтты. Сондай-ақ АҚШ-тың демократиялық институттарына деген сенімге нұқсан келтіру әрекеттерін айыптайтынын жеткізді.
Иранның БҰҰ-дағы миссиясы оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
"Біз мұндай хабарларға сенбейміз. Иран үкіметінің АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласу ниеті жоқ", – деді Иран тарапы.
Бұған дейін Иран Таяу Шығыстағы және одан тыс жерлердегі жауларына қарсы хакерлік науқандар жүргізді деген күдікке ілінген еді.