Иракта заңсыз жұмыс істеген 20 қазақстандық ұсталды
Иракта 20 отандасымыз заңсыз еңбек еткен. Қазақстан елшілігі ұсталған жерлестерімізді соттың қарауынсыз депортациялау туралы келісімге қол жеткізді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Биыл наурыз айының соңында Ирак Республикасының құқық қорғау органдары заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін Қазақстанның 20 азаматын ұстады. Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп Иран аумағынан шығып кетті", - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұған дейін де Иракта заңсыз қызмет еткен отандастырымыз болған.
"Биыл ақпанда Қазақстанның 7 азаматы Ирак Республикасының шетелдіктердің болуы туралы заңының нормаларын бұзғаны туралы, атап айтқанда, жасырын казинода заңсыз еңбек еткені үшін тергеуге тартылған болатын. Бізге мәлім болғандай, өткен жылдың қараша айында олардың 5-еуі ұсталып, сот қарауына дейін кепілмен босатылған. Осыған қарамастан жерлестеріміз Иракка қайта оралып, елдің заңнамасын қайтадан бұзды. Қазақстан елшілігі шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастырған. Сондай-ақ, сот және прокуратурамен келіссөздер өткізілді", - дейді Айбек Смадияров.
СІМ өкілінің сөзінше, аталған заңбұзушылық үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айрылуы немесе 500 мыңнан 3 миллион ирак динарына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
"Аталған азаматтар Ирак Республикасына тиісті құжатсыз және заңсыз еңбек ету мақсатында барғаны белгілі болды. Осы орайда отандастарымызды басқа елдің заңнамасын сақтауға шақырамыз", - деді Айбек Смадияров.