Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ирак соты "Ислам мемлекеті" тобының жетекшісі әл-Бағдадидің жесірін өлім жазасына кесті

"Ислам мемлекеті" тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің жесірі Умм Худайфаны Ирак соты өлім жазасына кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: BBC

Құжаттағы есімі Асма Мұхаммед, алайда Умм Худайфа деген атпен танымал. Ол 2018 жылы Түркияда жалған атпен тұрып жатқан жерінде ұсталған. 2024 жылдың ақпанында ол Иракқа экстрадицияланып, оған қарсы терроризмге қатысты қылмыс жасады деген айыппен тергеу басталды. Бағдадтың қылмыстық соты оны экстремистік ұйымға көмектескені және езид әйелдерін күшпен тұтқынға алғаны үшін кінәлі деп тапты.

Айыпталушының адвокаты әзірге Умм Худайфаның өлім жазасына қатысты пікір білдірген жоқ, ал қорғаушы тараптың шағымдануға мүмкіндігі бар-жоғы белгісіз.

Ирактағы "Ислам мемлекеті" ұйымы мыңдаған этникалық езидтерді, соның ішінде әйелдер мен балаларды өлтірген.

Умм Худайфаның да езид әйелдерін құлдықта ұстауға қатысы бар болғаны айтылады. Умм Худайфа күйеуі 2014 жылы үйіне 9 езид әйелді алып келгенін және оларға өзінің ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан. Алайда құлдықта болғар әйелдер оның бұл сөзін жоққа шығарып, барлығын Умм Худайфаның басқарғанын алға тартты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының тергеушілері ИМ-нің исламды қабылдауға немесе өлуге ультиматум қойған езидтік діни азшылыққа қарсы геноцид және басқа да қылмыстар жасағаны туралы дәлелдер бар екенін айтады.

Умм Худайфаның сотында айыптаушы 2014 жылы ИМ қырғынында 1700-ге жуық Ирак әскері, көбі шиит мұсылмандары қаза тапқанын айтты. 

Талқылау