Паралимпиададан күміс медаль алған спортшыға ипотекалық қарызын жауып беріп, 7 миллион теңге табысталды
Цифрлық даму министрлігі Парижде өткен 2024 жылғы Паралимпиадада күміс медаль алған Еркін Ғаббасовты құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото министрліктің Instagram парақшасынан
Министрлік оқ ату бойынша Қазақстанға алғашқы медаль әкелген Еркінге алғыс білдірді.
“Біздің қатарымызда Еркіннің болғанына мақтанамыз. Ол – 2014 жылдан бері Көкшетау мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеп келе жатқан білікті маман. Оның жетістікке жету жолы – табандылық пен қайсарлықтың тарихы. Тағы да құттықтаймыз және болашақта одан да үлкен жеңіске жетуін тілейміз!”, – делінген министрлік жазбасында.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Еркінді жеке құттықтап, алғыс хатпен және "Үздік цифрландырушы" төсбелгісімен марапаттады.
Сонымен қатар министрлік оның ипотекалық қарыздарын жабуға көмектесіп, 7 миллион теңгелік сертификат табыстады.
Еске салсақ, Париж Паралимпиада ойындарында Еркін Ғаббасов Қазақстан құрамасына алғашқы медальды әкелген еді.