Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ипотекаға үй алып беремін деді": Алматы тұрғынын құдашасы 20 млн теңгеге қарызға батырып кеткен

Алматы тұрғынын өз құдашасы 20 млн теңгеге қарызға батырып кеткен. Ол ипотекаға үй алып беремін деп алдап, туыстарын  миллиондаған қарызымен қалдырды. Жергілікті полицияға арызданғанымен күдікті әлі күнге бостандықта жүрген көрінеді. Ал зардап шеккендердің жеке шоттары бұғатталған. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.

"Менің алыс туысқаным жұмыс тауып, ипотекаға пәтер алуға көмектесемін деді. Менің атыма көлік рәсімдеді. Екі телефон, 3 онлайн несие алды. Сол уақытқа дейін шыны керек, мен өзім үшін де кредит алған емеспін. Жалғыз мен емес, туысқандарымыздың көпшілігін несиеге отырғызды", – дейді Назгүл Әлішева.

Бір ғана Назгүлдің өзі банктерге бас-аяғы 20 миллионның үстінде борыштар. Алаяқ өзге туысқандарына да айласын асырып үлгерген. Сондағысы таныстары арқылы ипотекаға пәтер алып беремін деп уәде берген. Қазір не пәтер, не көлік жоқ. Ал банктегі несиенің үстемесі сәт сайын еселеніп жатыр.

"Көлікті жалға беріп, ақшасын қайтарамын деп уәде еткен болатын. Алайда кейіннен сұрастыра келе, машинаны сатып жібергенін білдік. Бір  емес, қатарынан 14 көлік сатқан көрінеді. Бұл ақпаратты бізге алып-сатарлар айтып берді", – дейді Назгүл Әлішева.



Зардап шеккендердің дені қазір жұмыссыз жүр. Себебі жеке шоттары бұғаттаулы. Полицияға жазған арыздары да нәтиже бермеген. Тергеушілер қазір тіпті тұтқаны да көтеруден қашады-мыс.

Жамбыл облысының тұрғыны Мейрамгүл Затыбекова да алаяқтың арбауына түсіп, екі жылдан бері соның зардабын шегіп келе жатыр. Бәз біреулер оның атына алаяқтық жолмен несие рәсімдеген. Қазір жалақысының жиырма пайызы ғана қолына тиіп отыр. Зардап шеккендер жабылып жүріп, күдіктінің кінәсін толықтай дәлелдеп берген. Айғақ жеткілікті. Алайда соттың нақты шешімі жоқ.

"Бізде Адилова, Маргарита Германның толығымен мойындап отырған хаттары да, аудиожазбасы да бар. Біз сіздерді алдадық, мойындаймыз. Енді несиені өзіміз төлейміз деп. Бүкіл айғақтарды апарып бердік. Бірақ екінші сот бізге шешіп бермей, хабарлассақ, тұщымды жауап ала алмаймыз”, – дейді Аса ауылының тұрғыны Мейрамгүл Затыбеков.

Мамандардың айтуынша, карантин кезеңінен бері алаяқтық деректер 20 пайызға көбейді. Бірақ сол алданып қалғандардың біразы тұзаққа өз аяқтарымен барып түскендер. Мәжбүрлеу болмаған соң, дәлелдеудің өзі қиынға соғады.

"Осы сұрақты шешу аясында біздің полиция департаментінің басшылығы екінші дәрежелі банктер мен шағын несие ұйымдарымен бірлесе отырып, шынында да қылмыскерлердің құрбаны болған азаматтарды осындай несиелер төлеуден босатуды қазіргі таңда қарастырып жатырмыз”, – деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Талқылау