Биыл "ҚазМұнайГаз" IPO-ға шықпақ: Мұның қазақстандықтар үшін маңызы қандай?
Биыл елімізде қарапайым халықтың мүддесіне бағытталған IPO өтеді. Бұған дейін үш рет ұйымдастырылған мұндай шараның нәтижесінде қазақстандықтар алпауыт “ҚазТрансОйл", "KEGOC" және “Қазатомөнеркәсіп” компанияларының акцияларына қол жеткізген еді. Енді жыл соңына дейін “ҚазМұнайГаздың” бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру өткізіледі деп күтілуде. Жалпы, IPO дегеніміз не және оның қарапайым тұрғындар үшін қандай пайдасы бар? Бұған дейін IPO-ға сәтті шыққан қандай ұйымдар бар? “ҚазМұнайГаз” акцияларын бастапқы орналастырудан халық ұта ма? Бұл сұрақтардың жауабын Stan.kz тілшісі анықтады.
IPO дегеніміз не?
IPO (Initial Public Offering) – компания акцияларын (эмиссияларын) көпшілік үшін алғашқы рет қор нарығында орналастыру. Яғни бұл компания өз акцияларын мекемемен байланысы жоқ инвесторлар сатып алатындай етіп, нарыққа бірінші рет шығарады дегенді білдіреді. Биржаға шыққан соң мекеменің мәртебесі де өзгереді: ұйым жекеменшіктен жарияға өтіп, оның бағалы қағаздары қор нарығында еркін саудаға түседі.
Осы тұста мемлекеттің қатысуымен өтетін компанияларды IPO-ға шығару үдерісі барлық тараптар үшін тиімді екенін айта кеткен жөн. Мәселен, қор нарығына ашық түрде шығуды жоспарлаған компанияның өзі үшін IPO бизнестің тасын өрге домалату және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Ал мемлекет үшін бұл – халықты жұмылдыру арқылы ел экономикасын дамытудың бір жолы. Одан бөлек, IPO отандық қор нарығының өрлеуіне оң әсер етіп, азаматтардың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.
Негізінен IPO-ға бизнес үлгісі жетілдірілген, жоғары корпоративтік басқарудың деңгейіне ие, қаржылық есебі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін әрі инвесторлардың кең ауқымы үшін тартымды, болашағы зор компаниялар шығады. Бұл ретте оның инвестор үшін пайдасы айқындалады. Олар белгілі бір уақыттан кейін дивиденд түрінде және құнының өсуіне байланысты табыс әкелетін ұлттық компанияның үлесіне ие болады. Дегенмен IPO-да табыс та, тәуекелдер де жоғары болатынын ескерген жөн.
Қандай қазақстандық ұйымдар жақын арада IPO-ға шығады?
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компанияларды IPO-ға шығаруға басымдық беріп, әрбір қазақстандық үшін отандық ұйымдардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін қолжетімді етуді тапсырған болатын.
“Еліміздің қарапайым азаматтарының ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек”, – деді президент.
Бұл тұрғыда ол ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстарын келесі маңызды міндет деп атап, "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы мен оның ұлттық компанияларының рөлін мысалға келтірді.
Ал 1 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев "Самұрық-Қазына" қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналатынын сөз етті
“Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға "Халықтық ІРО" тәсілін де қолдануға болады. "Самұрық-Қазына" қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады”, – деді ол.
"Самұрық-Қазына" АҚ құрамына кіретін мемлекеттік стратегиялық компаниялардың IPO-ға шығуы 2021-2025 жылдарға арналған Жекешелендіру жоспары аясында жүргізілмек. Бір айта кетерлігі, бұл компаниялардың бағалы қағаздары институционалдық инвесторлар үшін де, қарапайым қазақстандықтар үшін де қолжетімді болады.
Атап айтсақ, 2022 жылы қор нарығына "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ және "Эйр Астана" АҚ акцияларын биржаға орналастыру жоспарланған. Бұдан бөлек 2023 жылы "KEGOC" АҚ және "QazaqGaz" ҰК" АҚ, 2023-2024 жылдары "Самұрық- Энерго” АҚ бағалы қағаздарын қор нарығына шығарылмақ.
Айта кетсек, биыл 16-30 қыркүйек аралығында республика өңірлерінде "Самұрық-Қазына" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, KASE және AIX биржалары мен Freedom Broker өкілдерінің қатысуымен портфельдік компаниялардың IPO-ға шығуына назар аудара отырып, жекешелендіру мәселелері бойынша халықпен бірқатар ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізілді. Осы науқан аясында Қазақстанның барлық облыстарында халықпен және ірі өндірістік кәсіпорындардың ұжымдарымен 100-ден астам кездесу өткізілді. Ал 3-14 қазан аралығында Астана және Алматы қалаларында мүдделі бизнес-қауымдастықтардың, мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен қатар, ірі жоғары оқу орындарының оқытушылары және студенттері қатысатын осындай кездесулерді өткізу жоспарланған.
Ақпараттық-түсіндіру кездесулері барысында халыққа Қордың жекешелендіру жоспарлары және ұлттық компаниялардың IPO-сы туралы ақпарат жеткізілді.
“Аудитория Қордың жекешелендіру бағдарламасына және IPO-ға айтарлықтай қызығушылық танытты. Одан бөлек әлеуетті инвесторлар акцияларды сатып алу тәсілдері, ҚМГ IPO мерзімдері мен шарттары, қаржылық алаяқтардан қорғану брокерлердің тарифтері мен комиссиялары, дивидендтік саясат, миноритарлық акционерлердің компания шешімдеріне әсері, мұнай бағасының ҚМГ-ның болашақ нарықтық капиталдандыруына әсері, акциялар мен басқа да қаржы құралдары арасындағы айырмашылық және т.б. туралы сұрап білді”, – дейді “Самұрық-Қазына” АҚ өкілдері.
IPO өз кезегінде ел азаматтарына қаржылық және инвестициялық сауаттылығын арттыруға, IPO/SPO өткізу кезінде ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу арқылы елдің ұлттық экономикасына қатысу мүмкіндіктері туралы білуге мүмкіндік береді, дейді қор өкілдері.
Осы ретте ең алғашқы рет қазақстандық компанияның IPO-ға шығуы 2006 жылы өткенін атап өткен жөн. Алғашқы рет елімізде "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ акциялары қор нарығына шығарылған еді. Дегенмен ұйымның бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру Қазақстандағы және шетелдегі ірі ойыншыларына бағытталды. Қазақстандық компанияның акциялары KASE мен Лондон қор биржасында орналастырылды. Нәтижесінде компания инвесторлардың 2 миллиард долларға жуық қаражатын тарта алды.
Ал халықтың IPO-ға қатысуы 2012 жылдан бастау алады. Осыдан он жыл бұрын “ҚазТрансОйл” отандық KASE биржасында өзінің 10% акцияларын орналастырды. Компанияның тасы өрге домалап, соның арқасында “ҚазТрансОйлдың” бағалы қағаздарын сатып алған инвестор табысқа кенелді. KASE мәліметінше, бұл IPO-ға қатысқан қазақстандықтардың саны 34 мыңнан асып жығылады.
ҚазТрансОйл акцияларының бағасы IPO-ға шыққалы бері қалай өзгерді
Келесі болып 2014 жылы IPO-ға энергетика саласындағы отандық алпауыт компания "KEGOC" қатысты. Бұл ұйым да тек акцияларының 10%-ын, (25,9 миллион дана) шығарып, 41 мың инвестордың қаражатын тартты. Бүгінде бір данасы 505 теңгеге сатылған қарапайым акциялардың иелері 300%-дан астам пайда көріп үлгерген.
KEGOC акцияларының бағасы IPO-ға шыққалы бері қалай өзгерді
Ал 2018 жылы “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК" АҚ өз акцияларын Астана халықаралық биржасы мен Лондон қор биржасында орналастыратынын жариялады. Осылайша бұл ұйым үкімет бекіткен жекешелендіру бағдарламасы аясында акциялары жергілікті және халықаралық нарықтарға шығарылған "Самұрық-Қазына" АҚ-ның бірінші портфельдік компаниясы атанды. Қазіргі уақытта мекеме акцияларының 75%-ы "Самұрық-Қазына" АҚ-на тиесілі болса, ал 25%-ы еркін айналымда. IPO-ға шыққалы бері "Қазатомөнеркәсіп" акционерлеріне тұрақты дивидендтер төлеп келеді. 2021 жылға дивиденд төлемдерінің жалпы сомасы 227 млрд теңгеге жетті.
Қазатомөнеркәсіп акцияларының бағасы IPO-ға шыққалы бері қалай өзгерді
Тек Қазақстанда ғана емес, бүгінде бүкіл әлемде IPO компаниялар үшін беделін арттыру мен инвестиция тартудың ең тартымды әдісіне айналған. Оның көмегімен миллиардтап инвестиция тарта алған ұйымдар жетерлік.
Ең танымал мысал – Apple компаниясының акцияларын бастапқы орналастыруы. 1980 жылы IPO-ға шыққан технологиялар саласындағы алпауыт ұйымның 40-тан астам қызметкері бірер сағат ішінде миллионер атанды. Бүгінде өзінің “алма” өнімдерімен танымал брендтің бағалы қағаздары 22 доллармен сатыла басталды. Қазір Apple-дің бір акциясы 150 долларға дейін барады. Компанияның нарықтық капитализациясы 2,35 триллион доллардан асып жығылады.
Apple акцияларының бағасы IPO-ға шыққалы бері қалай өзгерді
Билл Гейтс негізін қалаған Microsoft-тың акциялары 1986 жылы алғаш рет IPO-ға жол тартты. Бағасы 21 доллардан басталған акциялардың бір жылдан кейінгі өсімі 240%-ға жетті. Бүгінде компанияның бір акциясы 250 долларға бағаланады. 2009 жылдан бері Microsoft дивиденд ретінде 145,5 млрд доллар төледі.
Microsoft акцияларының бағасы IPO-ға шыққалы бері қалай өзгерді
Бүкіл әлемде ойып тұрып алған орны бар Facebook желісі 2012 жылы IPO-ға шыққан болатын. Бүгінде Meta атауымен белгілі компания акцияларының бастапқы орналасу өткізгендегі бағасы 42,05 доллардан басталған. 2013 жылдан бастап Facebook-тің бағалы қағаздарының құны шарықтай бастады. 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы есебіне сәйкес компанияның ағымдағы нарықтық капитализациясы 373,52 миллиард долларға жетсе, акциясы 140 доллар (қазандағы мәліметтер бойынша) тұрады. Осылайша 10 жыл ішінде бағалы қағаздардың құны шамамен 232%-ға көтерілген.
Facebook (Meta) акцияларының бағасы IPO-ға шыққалы бері қалай өзгерді
"Самұрық-Қазына" АҚ активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Адиходжаев өткізілейін деп жатқан халықтық IPO-ның ерекшеліктері жайлы айтып берді. Оның сөзінше, алдыңғы науқан тек қазақстандық инвесторлар үшін қолжетімді болған.
“Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаздың алдағы IPO өткізу шеңберінде жеке қазақстандық инвесторлардың ғана емес, сонымен қатар отандық және халықаралық институционалдық инвесторлардың қатысуы мүмкін деген мәселе пысықталуда. Алайда бұл мәселе түпкілікті шешім қабылдау үшін қосымша талдауды қажет етеді.
Бұл ретте, кез келген жағдайда, ҚазМұнайГаз акцияларын бөлу кезінде бірінші кезекте жеке инвесторлардың өтінімдері қанағаттандырылды, яғни ҚР азаматтарына басымдық берілетін болады”, – дейді ол.
Қор өкілі қазіргі уақытта проспектіні дайындау және листингтік рәсімдерден өту, заңнамаға, Қордың және ҚМГ-ның ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қажетті корпоративтік шешімдерді қабылдау сынды тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
“Жергілікті IPO және халықаралық SPO өткізу үшін құқықтық негізді қамтамасыз ету мақсатында, болашақта стратегиялық активтер тізбесіне стратегиялық объекті ҚМГ-ның 90% плюс бір акциясы емес, 75% болып табылатыны бөлігінде өзгерістер енгізу болжанады. Жоба тиісті “Ашық НҚА” мемлекеттік ресурсына шығарылды.
Осыған байланысты, ҚазМұнайГаз IPO нәтижелері туралы айту әлі ерте, өйткені мәміле нәтижелеріне ең алдымен Қорға немесе ҚР Үкіметіне тәуелсіз нарықтық факторлар әсер етеді”, – деп түйіндеді Дастан Адиходжаев.
Президент тапсырмасына орай жекешелендіру жоспары бойынша биыл алғашқы болып “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-ның акциялары IPO-ға шығарылмақ. Компанияның бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру KASE және AIFC AIX биржаларында жүргізілмек.
"ҚазМұнайГаз" көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және қызмет көрсетуге дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша қызметті жүзеге асырады. Компания иелігінде жаңғыртудан өткен Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауыты және Румыниядағы екі ірі мұнай өңдеу зауыты бар. Ұйымның берік қаржылық профилі тұрақты түрде қаражат ағымын қамтамасыз етіп келеді. Соңғы бес жылда "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ жалпы сомасы 251 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі.
"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ акционерлері "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы (90,42%) және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі (9,58%) екенін атап өткен жөн. Ұлттық компания еліміздегі мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25%-ын, сондай-ақ табиғи және ілеспе газ өндірудің 15%-ын қамтамасыз етеді. Қазақстан мұнайының 56%-ы ұйымның магистральдық құбырлары арқылы тасымалданады. Қазақстанда зауыттарында өңделетін мұнай көлемінің 81%-ы аталмыш компанияға тиесілі.
ҚазМұнайГаздың мысалында қарайтын болсақ, компанияның IPO-ға шығуы оның жеке және жабық статусын жоғалтып, жария және ашық мәртебесіне өтуіне жол ашады. Бұл соның арқасында әрбір қазақстандық мемлекеттің табиғи байлықтарына қор нарығы арқылы қол жеткізеді деген сөз. Яғни азаматтар ірі отандық компанияның акционері атанып, оған тиесілі бағалы қағаздарды еркін түрде сатып алу мүмкіндігін иеленеді.
Бұл сәйкесінше қазақстандық инвесторлардың көбеюі мен осы бір нарықта сауданың дамуына және азаматтардың өз қаражатын тиімді түрде инвестициялап, табысқа кенелуіне сеп болады.
Компания үшін де акцияларын қор нарығында бастапқы орналастыру жаңа белеске көтерілгенмен тең. Себебі инвестиция тартудың бұл түрі оның ауқымы кеңейгенін көрсетеді. Өз кезегінде мұндай компаниялар шетелдік инвесторлардың елге капитал құюға деген қызығушылының артуына септігін тигізеді.

"300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады”: Қазақстандықтар өлімнен кәсіп істеп отырғандардың әрекетіне наразы
