Инвестициялық пай қорлары деген не және онда қалай ақша табуға болады?
Қазір ақша тауып, табысты боламын деген адамға мүмкіндіктер жеткілікті. Бизнес ашыңыз, өз кәсібіңіздің үздігіне айналыңыз. Ал егер қолда бар қаржыңызды сақтап, табысты еселегіңіз келсе, инвестиция құю жолдарын іздеңіз. Бүгін Stan.kz сізге қаржыны еселеудің тағы бір жолы туралы айтып бермек. Сонымен, инвестициялық пай қорлары туралы не білесіз? Ол арқылы табыс табудың жолдары қандай?
Инвестициялық пай қорлары — ұжымдық инвестициялау құралы. Клиенттер салған ақша басқарушы компанияның басқаруына беріледі. Компания азаматтардың қаржысын бағалы қағаздар нарығына немесе өзге активтерге салуы мүмкін. Ал клиент уақыт өте қордағы өз пайын қымбатқа сатуы мүмкін. Сәйкесінше сатып алу және сату құнындағы айырмашылық арқылы азаматтар пайда таба алады.
Пай қорлары қалай жұмыс істейді?
Кез келген қордың өзіндік басқарушы компаниясы болады. Компания қордың құрамына қандай активтерді қосу немесе алып тастау керегін шешеді. Ол қордың мүлкін тікелей басқарып, бағалы қағаздарды, валюталарды және қымбат металдарды сатуға, сатып алуға, жылжымайтын мүлікті сатуға, сатып алуға немесе жалға беруге құқылы.
Пай қорларының көпшілігі бағалы қағаздарға инвестиция жасайды. Себебі бағалы қағаздардың дивиденді арқылы пассивті табыс табады. Дегенмен бұл теңгедегі пай қорлары тиімсіз дегенді білдірмейді.
Пай қорларын қайдан сатып алуға болады?
Қазақстанға келетін болсақ, пай қорының үлесін кез келген адам кез келген уақытта сатып ала алады. Бірақ басқарушы компанияға пайды сату кезінде қордың ережелері ескеріледі. Пай құнының өсуі немесе төмендеуі мүмкін.
Елде пай қорларының қызметін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайды. Мемлекет мұндай инвестицияға кепілдік бермейді әрі салған қаржыны қайтармайды. Халықтың қаржылық сауатының артуы пай қорларына деген қызығушылыққа оң әсер етті. 2021 пай қорларының активтері бірден 2,2 есеге көбейіп, 116,1 миллиард теңгеге жеткен. Ал пай алған азаматардың саны 3,3 мыңнан асты.
2023 жылдың желтоқсанындағы дерекке сәйкес Қазақстанда 26 инвестициялық пай қоры тіркелген. Мысал ретінде ұлттық валютадағы Halyk Tenge қорын қарастырып көрейік. Мұнда мақсатты жылдық табыс инвестицияның 20%-ына тең. Дегенмен пай сатып алуға қатысты белгілі шектеу бар, солардың бірі сатып алудың ең төменгі сомасы 100 000 теңгеден басталады. Ал пай иесі басқарушы компанияға өз пайларын әр айдың 25-іне дейін сата алады. Пай қай валютада сатып алынса, дивиденд сол валютада төленеді.
Halyk Finance "Halyk–Валютный" және "Halyk Global" секілді өзге валютадағы инвестициялық пай қорларын да ұсынады. Мұнда дивиденд АҚШ долларымен төленеді. Сәйкесінше "Halyk–Валютный" және "Halyk Global" қорларында пай доллармен саудаланады. "Halyk–Валютный" қорының бір пайы 8 шілдедегі дерек бойынша 997 доллар, ал Halyk Global бір пайы 8,5 долларға сатылады.
Айта кетері, пай қорының табыстылығына қатысты алдын ала болжам жасалады. Ал іс жүзінде болжам мен түскен табыс арасында айырмашалық болуы мүмкін, себебі инвестицияның пайдасына қатысты кепілдік бере алмайды. Мәселен, "Halyk–Валютный" қорының соңғы 12 айдағы табысы (01.07.2024 жылғы дерек бойынша) 8,18% болған. Ал "Halyk Global" пай қорының соңғы 12 айдағы табысы (01.07.2024 жылғы дерекке сәйкес) 7,28% тең болды.
Айта кетері, дивидендті төлеу кезінде төлем сомасының 10% мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталады. Сондықтан пайды сату кезінде пайда сіз ойлағаннан аз болуы ықтимал. Оның үстіне дивидент төленбеуі де ықтимал.
Неге жеке инвестицияны емес, пай қорын таңдау тиімдірек
Активтерді әртараптандыру. Пай қорлары көп ақша салмай-ақ пассив табыс табудың керемет жолы. Себебі бюджет шектеулі болғанда инвестор қаржыны бір бағытта жұмсайды. Ал инвестициялық қор арқылы инвестор түрлі активтерден пайда алып, қаржыны жоғалту қатерін азайтады.
Кәсіби түрде басқару. Пай қорларында ақшаны қайда құю керегін білікті қаржы сарапшылары анықтайды. Бұл капиталды бақылаусыз және жосықсыз басқарудан қорғайды. Сондай-ақ пай қорында жауапкершілік жеке тұлға да емес, басқарушы компания да болады. Ол түпкілікті нәтижеге әсер ететін инвестициялық шешім қабылдайды.
"Halyk Finance" АҚ-ның бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған №3.2.229/7 лицензиясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 04.11.2016 жылы қайта ресімдеді, мерзімсіз. Пайлардың құны өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижелері болашақтағы кірісті анықтамайды. Мемлекет инвестициялық қорларға салынған инвестициялардың кірістілігіне кепілдік бермейді.