Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың инвестицияға деген қызығушылығы артуда: Қазақ тілінде қор нарығы жайлы қайдан оқуға болады

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың 1 қарашасында 206 мыңнан астам қазақстандық ҚР Орталық депозитарийінде шот ашқан. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 73 449-ға көбейіпті. Аталмыш жағдай қазақстандықтардың инвестицияға деген қызығушылығы арта түскенін көрсетеді. Дей тұрғанмен елімізде әлі де болса осы сала туралы қазақ тілінде ресурстар бірең-сараң. Бұл мәселені сарапшылар да растап отыр. 

UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық қазақ тілінде инвестиция жайлы ақпарат аз болғандықтан халық алаяқтарға жиі ұрынады дейді. 

“Расымен де, елімізде инвестиция жайлы орыс тілінде мағлұмат жетерлік, алайда қазақ тілінде сапалы материалдар жоқтың қасы. Соның салдарынан қарапайым халық алаяқтарға жиі ұрынуда. Мысалы, қазіргі таңда ашық семинар, шеберлік сағатын өткіземіз деген сынды хабарландырулар жиілеп кетті. Олардың біразының арты қаржылық пирамидалар мен алаяқтыққа ұласып жатады. Сондықтан осыған байланысты өте сақ болған жөн. Қаржылық сауаттылығымызды арттырамыз деп барып, қаржы алаяқтарына ұрынып қалмас үшін ресми мәліметтерді пайдаланған дұрыс”, – дейді сарапшы.

Ал экономист, танымал қазақстандық блогер Дәулет Мұқаев бұл жағдайға қазақстандықтардың инвестиция саласынан хабарсыз болуы әсер етуде дейді. 

“Статистика бойынша қазақстандықтардың тек 2%-ы инвестициямен айналысады екен. Халық бұл туралы көп біле бермейді, инвестицияның дәмін татып, пайдасын көріп жүрген азаматтар өте аз. Міне, осыған байланысты бұл сала туралы қазақ тіліндегі ресурстарда саусақпен санарлық. Блогер ретінде ақпаратты орыс тілінен аударып қолдануға тура келеді. Одан бөлек еліміздегі №1 брокерлік ұйым – “Фридом Финанс” ұсынатын курстардан үйренгенімді пайдаланамын. Менің ойымша, инвестиция жасайтын қазақ тілді аудиторияның саны өссе, бұл сала туралы да қазақша мәлімет көбейеді”, – дейді ол. 

Дегенмен инвестиция тақырыбына деген қазақ тілді аудиторияның сұранысы жоғарылап келеді. Бұл тенденцияны қазақ тілінде қор нарығы туралы видео-контент ұсынатын YouTube блогері Нұрбол Қалымбек растап отыр. 

“Қазақ тілінде контент жасау үшін алдымен көрерменге қызық болатындай тақырып таңдау маңызды. Бұл тұрғыда қазақша ақпараттың аздығынан көбіне орыс не ағылшын тілдерінде мәлімет іздеуге тура келеді. Дегенмен халықтың, оның ішінде жастардың инвестицияға деген қызығушылығының артуына орай қазақ тілінде ресурстар көбейіп келеді. Қор нарығы туралы ресми сайттардан бөлек, шетелдік беделді инвесторлар ұсынатын мәліметтерді пайдаланамын. Сонымен қатар “Фридом Финанс” сайтында күнделікті жарияланып тұратын мағлұматтарға шолу жасап, сол бойынша YouTube-арнама видео құрастырамын. Айтып өткенімдей, қазірдің өзінде қаржы саласы туралы көбірек білгісі келетін қазақ тілді оқырманның саны күн санап артуда. Менің ойымша, алдағы уақытта қазақ тілді инвесторлар бұдан да көбейе түседі”,  – дейді ол

Кәсіби инвесторға да, бұл салаға енді көңіл аударып жатқандарға да ең алдымен инвестиция жайлы сапалы ақпарат ауадай қажет. Мұндай мәліметтердің түсінікті, пайдалы әрі сенімді болуы да маңызды.

Осы тұрғыда “Фридом Финанстың” қор биржасы саласы туралы ұсынатын мәліметтерді атап өткен жөн. Қазіргі таңда ұйым арнайы қазақ тілді аудитория үшін ресми сайтынан бастап, әлеуметтік желідегі парақшаларына дейін мемлекеттік тілге аударылып тұрады. 

"Соңғы кездері Қазақстанның барлық өңірлерінде қазақ тілді аудитория арасында құнды қағаздарға инвестиция жасауға сұраныс артты. Мысалы, біздің байқауымызша, Батыс Қазақстанда, Шымкент сынды қалаларда брокерлерік шот ашқан клиенттердің 70%-ы – қазақ тілінде сөйлейтіндер. Қазіргі таңда Tradernet сауда алаңында қазақша қызмет ұсынылады, инвестициялық идеялар қазақ тіліне аударылады. Мұнымен қоса, алғашқы кеңес пен клиенттермен жұмыс қос тілде – қазақша және орысша жүргізіледі. Алдағы уақытта мемлекеттік тілде өткізілетін инвестиция жайлы курстардың санын кеңейтуді жоспарладық", – дейді "Фридом Финанс" АҚ өңірлік желілерді дамыту департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов.

Бұған қоса “Фридом Финанс” инвестиция саласына енді аяқ басқан инвесторлар үшін тегін вебинарлар ұсынады. 1,5 сағатқа созылатын мұндай ашық сабақтарда қор нарығында қалай инвестициялау керектігі жайлы білікті мамандар түсіндіреді. Сонымен қатар шеберлік сағатының қатысушылары нарықтың қалай жұмыс істейтінін, оның қызметін кім реттейтінін анықтап қана қоймай, құнды қағаздар жайлы алғашқы түсінік қалыптастырып, өзіңізді мазалаған сұрақтарды сарапшылардан сұрап, жауабын біле аласыз. 

Жоғарыда айтылғандардан бөлек, қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің Fingramota.kz жобасын атап өткен жөн. Қазірде бұл портал қазақ тілді аудиторияның қаржылық сауаттылығын арттыруға септігін тигізуде. Мұнда төлем құралдары мен банк өнімдерінен бастап, инвестиция түрлері мен құнды қағаздар нарығы туралы ақпарат әртүрлі форматта беріледі. Атап айтсақ, агенттік сайтында инфографика, бейнематериалдар мен сарапшылардың кеңестері де жарияланып тұрады.

Бұған қоса, қор нарығындағы жаңалықтарды Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтынан оқуға болады. Мұнда шетел валюталары, мемлекеттік бағалы қағаздар, акциялар мен корпоративтік облигациялар, репо операциялары мен деривативтер нарығы туралы ақпарат жарияланып отырады. 

Бүгінгі таңда бұл мәселенің шешілуіне және қазақ тілді аудиторияның қаржы қызметтері жайлы түсінік қалыптастыруына ат салысып жатқан ұйымдардың саны артып келеді. Осылайша олар инвестиция жайлы ресурстар санының көбеюіне, белсенді түрде қор нарығында сауда-саттықпен айналысатын азаматтар қатарының артуына сеп болуда. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр