Инвестиция, өнеркәсіп, жер және туризм: Марат Сұлтанғазиев тұрғындармен кездесуде бірнеше мәселені көтерді
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесті. Жалпақ жұрт жиналған жиында әкім алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң динамика жайында айтты.
Атап айтқанда, өнеркәсіп көлемі 8,6% өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Сауда-саттық 7% өсіп, 1 трлн теңге көлеміне шыққанын жеткізді. Облыс әкімінің дерегінше, тұрғын үйді қолданысқа беру 4% өсіп, 714 мың шаршы метрді құрап, инвестиция көлемі 5,4%-ға артып, 441,1 млрд теңгеге жеткен. Инвестициялар есебінен 46,4 мың жұмыс орындары құрылған.
Бұдан кейін Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілгенін айтып, оның аясында қандай жұмыстар атқарылатыны туралы ақпаратпен бөлісті.
"Облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Сондай-ақ 2 қыркүйекте Қонаевтың бас жоспары бекітілді. Жоспарға сай, жаңа шаһардың аумағы 19 мың гектарды қамтиды. Халық саны 2050 жылға қарай 200 мыңға жетеді", – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысының сөзінше, негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. Жақында жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін қаланы дамытудың кешенді жоспары қабылданады.
Ал 2-ші кезеңде "Жаңа Іле" алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық мақсаттағы нысандар салынады.
Бүгінде шаһар маңындағы саяжайлардың да болашақ тағдыры белгілі болған. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Бас жоспарға сәйкес, 6 мың адам тұратын 9 саяжай алқабы қала шекарасына енгізілді. Олардың орнына көпқабатты ғимараттар салынады.
Аталғандардан басқа, аймақ басшысы облыста құрылыс нысандарын салуға талап күшейтілгенін атап өтті. Мысалы, Қонаевта салынып жатқан 10 көпқабатты үйдің 7-нің жобасы толықтыруға жіберілген. Оларға қасбетіне, абаттандыруға, автотұраққа байланысты ескертулер берілген.
Марат Сұлтанғазиев бөліскен тағы бір жаңалық Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына байланысты болды. Бұл жол биыл қолданысқа берілген. Енді осы жолдың бойында 4 ірі халықаралық компания өндіріс ошағын ашпақ. Олар: "РepsiCo", "Focus Logistics", "Строитель 98", "KT&G".
"Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың әл-ауқаты артады, маятниктік миграция төмендейді", – деді аймақ басшысы.
Әкімнің сөзіне сүйенсек,"Арна" өндірістік аймағы Қонаев қаласының дамуына ықпал етеді. Онда жалпы құны 105 млрд. теңгеден асатын 1,5 мың жұмыс орны құрылатын ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев Шеңгелдідегі суармалы алқап пен сорғы станцияларының мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, бүгінде суару желілері жаңартылып, кейбір сорғы станциялары коммуналдық меншікке өтпек.
Жайылым жер түйткілі де өңір басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда Қонаев қаласына қарасты аумақта 25,6 мың га пайдаланылмайтын жер анықталып, оның 12,8 мыңы мемлекетке қайтарылған. Басым бөлігі Шеңгелді алқабында: 21,3 мың га анықталып, 8,6 мың гектары қайтарылған.
Бұдан кейін туризм саласына тоқталған әкім Жаңа Іле аумағынан Шеңгелді ауылына дейінгі жағалау аймағының құрылыстану жобасын әзірлеу басталғанын айтты. Сонымен қатар елді мекендегі медициналық амбулатория күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Жалпы Қонаев қаласы бойынша 23 проблемалық сұрақ бар. Бүгінде 4 мәселе шешілді. Қалған сұрақтар кезең-кезеңімен шешіледі, деді Марат Сұлтанғазиев.
Ел алдында есеп берген ол тұрғындардың сұрақтарына да толыққанды жауап берді.