Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Интернет жоқ": Қаскелеңде тұратын оқушылар 1 қыркүйекке дейін мәселені шешуді өтінді

Қаскелеңдегі бастауыш сынып оқушылары интернетке қосылуды сұрап видео хабарлама жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Біз сабақ оқығымыз келеді, сондықтан бізге интернет қосуды сұраймыз", - деп сұрайды балалар.

Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда білім қашықтан оқыту жүйесіне көшті.

Инстаграм қолданушылары балаларды қолдап, күн сайын интернетте ақау болатынын атап өтті.

Пікірлер келесідей:

"Рахат ауылында да осы жағдай. Интернет жоқ, телефон дұрыс ұстамайды, онлайн сабақ оқығанда өте қатты қиналдық".

"Иә, жастар болашағымыз, бірақ сол болашақты қараңғылыққа алып бара жатқан жоқпыз ба? Себебі оқу онлайн болса, Қарасай ауданының біраз ауылдарында интернет жоқ. Құрметті аудан басшылары осы мәселені шешуді әлі де болса, кеш болмай тұрғанда қолға алсаңыздар екен. Еңбекші, Құмарал, Сауыншы, Батан, Жамбыл, Мерей дача, Сокол дача, Жандосов ауылының дачалары, Шамалған ауылының дачасында интернет пен тел байланыстары жоқтың қасы".

"Қаскелең қаласы 9- квартал тұрғынымын. Біз "Қазақтелеком" компаниясына интернет желісіне қосу туралы өтінішімізді жазғанымызға бір айдан астам уақыт болды, әлі жауап жоқ. Сабақ басталатын уақыт жақындап қалды. Бізде алаңдаумен отырмыз. Интернет жоқ, сабағымыз қалай болар екен? Мені күтіп ноутбуктың арғы жағында 200 - 300 бала отыр. Мен сияқты бұл ауданда қаншама мұғалім бар. Сондай-ақ, студенттер мен оқушылар да интернетті сарыла күтіп жүр".

Әлеуметтік желіде интернеттің нашар жұмыс істеуіне қатысты пікір өріп жүр. Бірі интернет мүлде жоқ десе, бірі бар интернеттің сапасы өте нашар дейді. Алайда көпті алаңдатқан мәселе қашықтан оқу жылы қалай болады. Бұл сұрақ ата-аналарды ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын жерлердегі елдімекендерде жұмыс істейтін мұғалімдерді де мазалайды.

Естеріңізге сала кетейік, премьер-министр Асқар Мамин білім министрлігіне мектеп оқушыларын карантин жағдайына дайындауға тапсырма берген болатын. 

1 қыркүйек - Қазақстандағы білім күні.

 

Талқылау