"Инфекция жұқтырып алу қаупі бар": Мамандар білімі жоқ адамға хиджама жасатпауға кеңес берді
Алматы облысында хиджама жасатқан 30 жастағы азамат ауруханадан бірақ шықты. Ыстығы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген адам полицияға шағымданған. Ал хиджама жасаған емшінің ешқандай рұқсат қағазы жоқ екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Досжан Қыдырханов бес жылдан бері хиджама жасаумен айналысады. Арнайы білімі бар маман хиджаманы үй жағдайында және кез-келген білімі жоқ адамнан алу өте қауіпті екенін айтады. Себебі, адамның дене мүшесі нервтік нүктеге толы. Онымен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік, білместіктің соңы адамды мүгедектікке дейін апаруы мүмкін. Тіпті денеден қан шығару үшін оны кесудің де өзіндік тәсілі барына аса мән беру керек екен.
"Үлкен тіліп жіберу мүмкін. Ол бітпей әрең дегенде бітеді, сондай жағдайлар болады. Адамның қан қысымын өлмешейді де, ала береді. Ол кісі талып қалады. Әлсіреп қалуы мүмкін. Қанша адамға қолданды, гепатиті бар шығар. Мүмкін басқа да аурулары бар шығар ол кісінің. Сондықтан инфекция жұқтырып алуы мүмкін", - деді хиджама жасайтын орталықтың директоры Досжан Қыдырханов.
Мамандардың айтуынша, әрбір хиджама алушы адамның өзінің жеке қолданатын банкісі болуы керек. Себебі, процесс қан арқылы жүргізілетін болғандықтан түрлі аурулардың өзі осы банк арқылы жұғуы мүмкін.
Бірақ хиджаманы ешбір рұқсатсыз жасайтын адамға қолданылатын жаза тым жеңіл. Айыппұл көрсеткіші 14 мың теңгеге де жетпейді.
"Ешқанай лицензиясыз, құжатсыз медициналық қызметпен айналысқан тұлға. Яғни тұлғаға қатысты әкімшілік материал дайындалып, қазір уақытта ол материал санитарлық эпидемиологиялық станцияға жіберілді. Негізі бұл бап бойынша 5 АЕК айыппұл қарастырылған", - деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ақбота Әзірбек.
Мамандар хиджаманың бір банкісі бірнеше адамға қолданылса, өте үлкен қауіп екенін қатаң ескертеді. Себебі сол қан арқылы тіпті вич ауруы бір адамнан екінші адамға жұғуы мүмкін.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
